Ақмола облысында павлодарлық футбол командасы жол апатына ұшырады

Depositphotos
Ақмола облысында «Шідерті – Ерейментау – Астана» автожолында павлодарлық жасөспірімдер футбол командасы отырған шағын автобус апатқа ұшырап, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Bassport.kz cmn.kz сілтеме жасап.
Оқиға 18 сәуір күні кешкі уақытта тіркелген. Алдын ала мәлімет бойынша, «Mercedes» маркалы шағын автобустың жүргізушісі жүк көлігін басып озу кезінде рөлге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Автобуста 14 пен 16 жас аралығындағы 16 бала мен олардың бапкері болған.
Апат салдарынан бапкер оқиға орнында көз жұмды. Жасөспірімдер түрлі жарақаттармен жақын маңдағы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды. Команда Астана қаласында өтетін жарысқа бара жатқан.
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті тергеу жұмыстары басталды.