Жәнібек Әлімханұлы топ-боксшыларды рингте ұрып-соққан

Top Rank
Әлемнің WBO/IBF нұсқалары бойынша орта салмақтағы чемпионы Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан қарсыластарының неге қазақстандықпен жекпе-жектен бас тартып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
— Біз Карлос Адамес пен Хамза Ширазбен спарринг өткіздік. Қазір күліп, “Бірaз жайырақ соғу керек еді” деп ойлаймыз. Өкінішке қарай, Жәнібек екеуін де қатты ұрып тастады. Шираз міндетті үміткер бола тұра, неге Жәнібекпен жекпе-жекке шықпады? Логика бойынша ол титулдарды жеңіп алуға тырысуы керек еді. Бірақ ол бұрын Жәнібекпен спарринг жасаған, сондықтан қандай қауіп бар екенін біледі. Енді біздің жоспар – спаррингте қарсыластарды қатты ұрмау, – деді Берік Сұлтан Azamat Sport YouTube-арнасына берген сұхбатында.
Айта кетейік, өткен жылы британдық Хамза Шираз Жәнібекпен жекпе-жектен бас тартты. Ал Әлімханұлы орта салмақта WBC белбеуінің иегері Карлос Адаместі өзімен жұдырықтасудан жалтарып жүр деп айыптаған болатын.