Неймар «Сантосқа» оралу үшін 40 миллион еуродан бас тартты

Неймар «Сантосқа» оралу үшін 40 миллион еуродан бас тартты
Футбол

ФК «Сантос»

Бразилиялық жұлдыз Неймар саудиялық «Аль-Хиляль» клубымен келісімшартын мерзімінен бұрын үзіп, туған командасы «Сантосқа» оралуды жөн көрді, деп хабарлайды BasSport.kz.

Бұл шешім оған 40 миллион еуроға түссе де, ойыншы үшін басты мақсат – Бразилияға қайта оралу.

Халықаралық БАҚ мәліметінше, Неймар «Аль-Хиляльмен» келісімшартын бұзу арқылы айтарлықтай қаржылық шығынға ұшырады. Бірақ бұл оның саналы таңдауы болды. 32 жастағы шабуылшы «Сантоспен» жарты жылдық келісімге келеді және бұл кезеңді еуропалық футболға қайта оралудың дайындық кезеңі ретінде қарастырады.

Айта кетейік, Неймар кәсіби мансабын дәл осы «Сантос» сапында бастаған. Осы клубта ойнап жүріп, 2013 жылы «Барселонаға» ауысып, әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналды.

Кейін «Пари Сен-Жерменде» өнер көрсетіп, 2023 жылы Сауд Арабиясының «Аль-Хилялімен» келісімшарт жасасты.

Дегенмен, жиі жарақат алуына байланысты екі жылда бар болғаны жеті матчқа қатысып, бір ғана гол соға алды.