Туризм және спорт министрі 100 күнде қандай жұмыстар атқарды?

Туризм және спорт министрі 100 күнде қандай жұмыстар атқарды?
Басқа

Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қызметіне кіріскеніне 100 күн толуына орай министр атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы есеп берді. Осы кезеңде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында маңызды бастамалар қолға алынып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді.

Атқарылған жұмыстар

Өңірлердегі басқару жүйесін жетілдіру: ҚР Туризм және спорт министрлігінің жанынан спорт басқармаларының басшыларын тағайындау жөніндегі комиссия құрылып, өңірлерге олимпиада чемпиондары мен кәсіби спорт менеджерлері тағайындалды.

Спорт федерацияларының қызметін реттеу: Федерация президенттерін тағайындау бойынша ұсыныстар енгізіліп, олардың қызметіне нақты көрсеткіштер жүйесі (KPI) белгіленді.

Аймақтардағы спортты дамыту: Арнайы мониторингтік топ спорт резервін даярлау мен спорттық жетістіктерді талдауға бағытталған жұмыстар жүргізді.
Заңнамалық өзгерістер:
Парламент Мәжілісінде «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар, ойын бизнесі мен лотерея қызметі бойынша 12 нормативтік-құқықтық акт бекітілді.

Халықаралық жарыстардағы жетістіктер: Соңғы үш айда Қазақстан спортшылары 72 халықаралық жарысқа қатысып, 600 медаль (236 алтын, 178 күміс, 186 қола) жеңіп алды. Париждегі Паралимпиадада 9 медальмен (2 алтын, 3 күміс, 4 қола) 39-орынға ие болды. Елордада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық 1-орынды иеленді (43 алтын, 32 күміс, 37 қола).

Халықаралық серіктестік: Будапешттегі IJF штаб-пәтерінде Халықаралық дзюдо федерациясымен келіссөздер жүргізіліп, 2027 жылы Қазақстанда дзюдодан әлем чемпионатын өткізу және IJF академиясының филиалын ашу туралы келісімге қол жеткізілді.

Туризм саласындағы жаңашылдықтар: Шетелдік туристерге арналған Neo Nomad визасы енгізілді.

Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік беретін Jibek joly туристік пойызы іске қосылды.

Алматыда Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының жабылуына арналған халықаралық форум өткізілді.

Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі кешенді жоспар дайындалды.

Болашақ ойындары: Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026 жылы дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін «Болашақ ойындары» өткізілетін болды.

Алдағы жоспарлар

Цифрландыру: Дене шынықтыру және спорттың E-Sport платформасы іске қосылады.

Халықаралық жарыстарға дайындық: Қазақстан құрамасы 2024 жылы Қытайдың Харбин қаласында өтетін қысқы Азия ойындарына қатысады. 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада мен Лос-Анджелестегі жазғы Олимпиадаға дайындық жұмыстары басталады.

Білім беру және инфрақұрылым: 2025 жылы Астанада Ұлттық спорт университетінің құрылысы аяқталады.

Балалар спорт мектептерін жан басына қаржыландыру жүйесі пилоттық жоба ретінде енгізіледі.

Спорттық атақтар мен разрядтарды беру ережелері жаңартылып, 2025 жылдың қаңтарында жаңа бұйрық қабылданады.

Туризмді дамыту:

Маңғыстау курорттық аймағы мен Алматы тау кластерін дамыту бойынша кешенді жоспар әзірленеді.

2025 жылы Қазақстанда Қытайдың туризм жылы өтеді.

2026 жылы Қазақстан ITB Berlin халықаралық туристік көрмесінде серіктес ел мәртебесіне ие болады.

Қаржы саласын реттеу: Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар үшін Бірыңғай есепке алу жүйесі құрылып, олардың қызметі қатаң бақылауға алынады.  

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта туризм мен спорт саласындағы инфрақұрылымды дамыту, заңнаманы жетілдіру және халықаралық серіктестікті кеңейту бағытында жұмыстар жалғасады. Бұл шаралар Қазақстанның спорттық және туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.