Ислам Махачев жартылай орта салмақта UFC чемпионы атанды

Ислам Махачев жартылай орта салмақта UFC чемпионы атанды
Басқа

Getty Images

Нью-Йоркта өткен UFC 322 турнирінің ең басты жекпе-жегінде ресейлік Ислам Махачев пен аустралиялық Джек Делла Маддалена кездесті. Жартылай орта салмақтағы чемпиондық атақ үшін болған жекпе-жекте ресейлік спортшы Ислам Махачев төрешілердің бірыңғай шешімімен жеңіске жетті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.  

77,1 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, жартылай орта салмақта өткен жекпе-жек бес раундқа жалғасты. Ресейлік аралас жекпе-жек шебері төрт тейкдаун жасады және дәл тиген соққылар бойынша да қарсыласынан басым түсті - 140:30. Кездесу соңында төрешілердің бәрі бір ауыздан Ислам Махачевті жеңімпаз деп таныды. 

Ислам Махачев осы жеңісінің арқасында ек түрлі салмақ дәрежесінде UFC чемпионы атанған алғашқы ресейлік аралас жекпе-жек шебері атанды. Биылғы жылдың мамыр айында ол жеңіл салмақтан екінші дивизионға ауысқан еді. 

Енді Махачев қоржынында ММА-дегі 28 жеңіс пен бір жеңіліс бар. Ол қатарынан 16-жекпе-жегінде жеңіске жетіп, бразилиялық Андерсон Силваның рекордын қайталап отыр. 

Еске сала кетейік, осы жартылай орта салмақта қазақстандық Шавкат Рахмонов та өнер көрсетеді. Ол қазіргі таңда рейтингте үшінші орында келеді.