Шавкат Рахмоновтың жекпе-жегі неге мемлекеттік арналардан көрсетілмеді?

Шавкат Рахмоновтың жекпе-жегі неге мемлекеттік арналардан көрсетілмеді?
Жекпе-жек

Sports.kz

«Qazsport» телеарнасының басшысы Нағи Бақытбеков әлеуметтік желілерде Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрри арасындағы жекпе-жектің мемлекеттік арналардан көрсетілмеуінің себебін түсіндірді.

«8 желтоқсанда АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов ирландиялық Иэн Гэрриді жеңді. Бұл жекпе-жекті қазақстандық көрермендер шетелдік платформалардан көре алды, бірақ мемлекеттік телеарналардан көрсетілген жоқ. Неге қазақстандық спортшылардың жекпе-жектері біздің арналардан көрсетілмейді? Себебі UFC ұйымдастыратын аралас жекпе-жектердің Қазақстан аумағындағы көрсетілім құқықтары „Setanta Sports“ компаниясына тиесілі.
UFC телехабар тарату құқығын бірнеше маусымға алдын ала тендер арқылы сатады. Сонымен қатар, UFC жекелеген қазақстандық спортшылар қатысатын жекпе-жектердің құқығын бөлек сатпайды.  
Бұл жағдайды шешу үшін „Qazsport“ телеарнасы құқық иесіне Рахмоновтың жекпе-жегін мемлекеттік телеарнада көрсету туралы ұсыныс жасады. Алайда, „Setanta Sports“ бұл жекпе-жекті тек өздерінің кабельдік телеарнасы мен қосымшасы арқылы көрсетуге шешім қабылдады. Сонымен қатар, Шавкат Рахмонов пен Иэн Гэрридің жекпе-жегі „Кинопоиск“ қосымшасында да қолжетімді болды.
Осы себепті „Qazsport“ телеарнасы Рахмоновтың жекпе-жегін эфирге шығаруға мүмкіндік ала алмады», — деп жазды Бақытбеков.

Айта кетейік, Шавкат Рахмонов жекпе-жекте төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетіп, енді UFC чемпионы титулы үшін америкалық Белал Мұхаммедпен жұдырықтасады деп күтілуде.