UFC жұлдызы Колби Ковингтон Шавкат Рахмоновты жеңетініне сенімді

UFC жұлдызы Колби Ковингтон Шавкат Рахмоновты жеңетініне сенімді
Жекпе-жек

Рахмоновтың инстаграм парақшасынан

UFC жекпе-жегінің танымал жауынгері Колби Ковингтон (17-4) Қазақстанның спортшысы Шавкат Рахмоновты (18-0) жеңетініне сенімді екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Bassport.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

"Мен оны бұрышқа тақап, қысым жасай аламын. Менің қысымым оған ұнамайды деп ойлаймын. Ол солақайлармен жақсы жұмыс істемейді. Біз оның Джефф Нилге қарсы жекпе-жегінде қалай өнер көрсеткенін көрдік. Бұл өте тартысты кездесу болды. Ол әлі топ үміткерлермен шайқасқан жоқ. Ол дивизионның "гейткиперлерімен" - топ-10 шекарасында жүрген жігіттермен ғана кездесті. Бірақ чемпиондармен, мен сияқты бес раунд бойы қарсы шабуыл жасайтын спортшылармен жекпе-жекке шыққан жоқ. Мен оған лайықты қарсылас боламын деп есептеймін. Ол өте биік, бірақ мен одан ешқандай ерекшелік көріп тұрғаным жоқ. Оның бірнеше жақсы тұншықтыру әдістері бар, және "жылтыр" жекпе-жек көрсетеді. Бірақ бұл тек өзі күресті бақылағанда ғана жүзеге асады. Менімен ол бұған қол жеткізе алмайды. Мен оны оңай жеңе аламын деп ойлаймын. Бұл мен үшін жеңіске жету мүмкіндігі жоғары жекпе-жек және болашақта өткізгім келетін шайқас. Ол желтоқсан айында жеңіске жетсе де, жеңілсе де, маған бәрібір," - деді Колби Submission Radio-ға берген сұхбатында.

Ковингтон жартылай орта салмақ дәрежесінде алтыншы орында тұрса, Рахмонов рейтингте үшінші орынға жайғасқан.

Айта кетейік, Рахмонов әлемнің үздік лигасында қатарынан алты жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтаған. Соңғы кездесуінде, былтырғы желтоқсан айында, америкалық Стивен Томпсонды (17-7-1) артқы жағынан тұншықтыру әдісімен жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, биылғы желтоқсан айында Шавкат жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Белал Мухаммадпен (24-3-0-1) кездесу өткізуді жоспарлаған болатын. Алайда палестиналық тегі бар америкалық спортшы UFC 310-да өнер көрсетуге денсаулық жағдайына байланысты бас тартты.