Блинов кубогы: «Барыс» алғашқы ойында «Авангардтан» жеңілді
Виктор Федюнин/Kazinform
Елордалық «Барыс» командасы Ресейдің Омбы қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден Блинов кубогында алғашқы ойынын «Авангардқа» қарсы өткізді, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кездесу барысында ресейлік клуб ойынды белсенді бастады. Ойынның 10-минутында Коул Касселс есеп ашса, одан кейін Даррен Диц 20, Александр Филатьев 25-минутта тағы екі шайба соғып кетті. Оған «Барыс» сапынан Коннор Смит 36, Всеволод Логвин 39, Уэйд Эллисон 43-минутта үш шайбамен жауап берді.
Негізгі кезең 3:3 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда ресейлік клуб жеңіс шайбасын соқты. Осылайша «Барыс» алғашқы кездесуінде қарсыласына есе жіберді. Енді елордалық клуб 22 тамызда 14:00-де Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен кездеседі.
Биыл отызыншы мәрте жалауын көтеретін турнир 20-26 тамызда Омбы қаласындағы «G-Drive Арена» спорт кешенінде болады. Оған елордалық клубтан өзге Ресейдің «Авангард» (Омбы) «Локомотив» (Ярославль), «Сибирь» (Новосібір) және «Трактор» (Челябі) командалары қатысады.