Қазақстан кубогі: Асхат Тағыберген “Ордабасыға” қарсы ойнайды

Ашық дереккөзінен
Бүгін Қызылордада Қазақстан кубогінің иегері анықталады. «Kaysar Arena» алаңында өтетін 33-финалда Шымкенттің «Ордабасысы» мен Қостанайдың «Тобылы» бас жүлде үшін бақ сынайды.
Бүгінгі кездесуде Қостанайлық клуб әлдеқайда сенімдірек көрінеді. «Тобыл» ел чемпионатында қола жүлдені мерзімінен бұрын иеленіп, келесі жылғы еурокубокқа жолдама алды. Маусым ішінде «Ордабасымен» екі рет кездесіп, екі ойында да жеңісті өз пайдасына шешті. Өткен жылғы финалда да дәл осы қарсыласын ұтып, жүлдеге қол жеткізгенін ескерсек, қостанайлықтардың тәжірибесі мен тұрақтылығы басымдық береді.
Ал шымкенттік команда үшін бұл ойын маусымдағы соңғы мүмкіндік болмақ. «Ордабасы» турнир кестесінің орта тұсында қалып, еурокубоктан ерте шығып қалды. Конференция лигасында грузиялық «Торпедодан» жеңіліс жанкүйерлерге де, ойыншыларға да ауыр тиді. Сондықтан бүгінгі матчта жеңіске жетпесе, маусымды толықтай сәтсіз аяқтады деуге болады. Оның үстіне Сергей Малый мен Алан Диаш сынды негізгі ойыншылар финалға қатыса алмайды.
Бүгінгі бәсекеде Асхат Тағыбергеннің алаңға «Тобылдың» жейдесімен шығуы матчты қызықтыра түскендей. Ол биылға дейін «Ордабасының» көшбасшыларының бірі болған еді. Жыл басында Шымкент қаласы әкімінің даулы мәлімдемесінен кейін клубтан кеткен болатын.
Айта кетейік, Қазақстан кубогының жеңімпазы бас жүлдені иеленіп қана қоймай, келесі жылғы Суперкубокқа қатысуға және еурокубоктың іріктеу кезеңінде ел намысын қорғауға мүмкіндік алады. Сондықтан Қызылордадағы финалдың салмағы бір ғана жүлдеден әлдеқайда ауыр.