Еуропа лигасы: «Тобыл» түзде тоңқалаң асты
Sports.kz
Қостанайлық «Тобыл» командасы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Ружемберок» командасынан ойсырай жеңілді, деп хабарлайды BasSport.kz.
Ойындағы бірінші голды 9-минутта «Тобыл» командасының ойыншысы Игорь Иванович соқты. Араға 2 минут салып Симон Да Силва таразы басын теңестірді. Ал, 40-минутта алаң иелері сапынан Александер Селецки көзге түсіп, «Ружемберок» командасын есепте алға шығарды.
Кездесудің 45-минутында Давид Энен командаласы Ивановичтің берген пасын голға айналдырған. Алайда үзіліске дейін словакиялық футболшы Матуш Мали «Тобыл» қақпашысы Стас Покатиловтың қақпасын дәл көздеп, «Чебрат» стадионындағы жанкүйерлерге қуаныш сыйлады.
Матчтың екінші бөлігінде де алаң иелері басымдықты арттыра түсіп, қонақтар қақпасына жауапсыз 2 гол салды. 77-минутта Матей Мадленак есепті 4:2-ге жеткізсе, ойын соңында Мали словакиялық команданың бесінші голын өз атына жазды.
Айта кетейік, «Тобыл» мен «Ружемберок» 18 шілдеде Қостанайда қарымта матч өткізеді.