Үш қазақ баласы қола медаль үшін күресте ұтылып қалды

Үш қазақ баласы қола медаль үшін күресте ұтылып қалды
Күрес

Бішкекте күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Соңғы жарыс күнінде грек-рим күресінен жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Соңғы жарыс күнінде кілемге шыққан үш балуанымыз қола жүлде үшін күресте жеңіліс тапты. 

Алдымен 60 келідегі Ғалым Қабдунассаров қола медаль үшін күресіп, қытайлық қарсыласынан жеңіліс тапты. Есеп: 3:7. Жартылай финалда Ғалым жапониялық Кайто Инабеден ұтылған болатын.

67 келі салмақта сынға түскен Алматбек Аманбеков Оңтүстік Корея спортшысына есе жіберді. Кездесу 1:1 есебімен тең аяқталса да, соңғы ұпайды алғаны үшін жеңіс қарсыласына берілді.

72 келідегі Әділхан Сатаев үшінші орын үшін күресте қытайлық балуанға есе жіберіп, бесінші орынға табан тіреді.

97 келідегі Юсуф Мациев финалда ирандық балуанға қауқар көрсете алмай, күмісті қанағат тұтты. 

Осылайша,Азия біріншілігінде грек-рим күресінен Қазақстан командасы 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды.


Жалғыз алтынды 63 келідегі Ержет Жарлықасын иеленсе, күмісті Нұрсұлтан Тұрсынов пен  Юсуф Мациев, қоланы Ибрагим Магомадов еншіледі. 

Енді Қазақстан командасының бірінші нөмірлі спортшылары Бішкекте өтетін Олимпиадаға іріктеу турниріне қатысады.