"Маңызды сәтте есе жіберді": бас бапкер Жәмила Бақбергенова мен команданың кемшіліктері жайлы айтты

Күрес

Әйелдер күресінен Қазақстан командасы Бішкектегі (Қырғызстан) Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу турнирінен жолдама ала алмады. Үш балуанымыз жартылай финалға өткенімен, шешуші сәтте үшеуі де қарсыластарға есе жіберді. Бас бапкер Қайрат Сағадиев болса, екі лицензия алсақ деген жоспардың орындалмағанын айтты, деп жазады Olympic.kz.

«Жалпы міндет - екі іріктеу турнирінен 2 лицензия алу еді. Осы жарыста 1 жолдама алсақ деген мақсатымыз орындалмады. Жәмила Бақбергенова жеңіліп қалды.
50 келідегі Лаура Ғаниқызы жас, болашағы алда. Алғашқы екі белдесуін сәтті өткізгенімен, жартылай финалда Винеш Винешке әлі келмеді. Ол өте тәжірибелі, 53 келіден салмақ қуып келген спортшы.

53 келідегі Жұлдыз Ешімованың жеребесі жақсы түскен еді. Солтүстік Корея балуанын жеңе алатын еді. Бірақ, жасы келген соң ба, сақтанып күресті. Жұлдызға да сеніп едім, үмітті ақтамады.

55 келідегі Эмма Тисина бірден құрлықтың мен деген спортшыларымен кездесті. Негізі, бұл да сылтау емес. Қытайлықтан 0:10 есебімен ұтылды. Эмма тәжірибелі, нағыз бабында еді. Осы жерде күреспегенде, қайда күреседі? Өкініштісі сол, өз деңгейін көрсете алмады. Келесі олимпиадалық циклде оның ізін басатын жас қыздар дайын. Кешегі Лаура Алмағанбетова бар.

62 келідегі Ирина Кузнецова жақсы өсіп келе жатқан балуан. Оған да мықты қарсыластар кезігіп, тәжірибе жетпей қалды.

68 келі салмақтағы Елена Шалыгинаның отбасында қайғылы жағдай болды. Дайындық кезінде туған ағасы өмірден озып, жерлеу рәсіміне барып қайтты. Бұл да оған соққы болғаны анық. Мұның бәрі сылтау емес. Жеңіліске сылтау іздемейміз. Бірақ бізде әрбір жағдай спортшыға әсер етеді.

76 келідегі Жәмила Бақбергенова жақсы дайындалды. Бапкерлері де дұрыс тактика қойды. Қытайлық балуанмен екінші рет кездесіп отыр. Әлем кубогінде Жәмила жеңіп еді. Міне, осындай өте маңызды турнирде есе жіберіп қойды.

Енді команданы қайтадан жинап, 8-12 мамыр аралығында Түркияның Стамбул қаласында өтетін әлемдік лицензиялық турнирге дайындаламыз», - деді Қайрат Сағадиев.