"Ризабек жақсы күресті": Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні қалай өтті

Күрес

Күрес түрлерінен Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан командасы екі медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bassport.kz.

97 келідегі Ризабек Айтмұхан финалда дағыстандық Ахмед Тажудиновке 4:2 есебімен жол берді. 

Ал 57 келідегі Мейрамбек Қартбай қола медаль үшін күресте жеңіске жетіп, өз мансабындағы алғашқы ірі жүлдесін иеленді. 

79 келідегі Азамат Өсімжанов қола медаль үшін күресте өзбек қарсыласына есе жіберді. 

"Ризабек Айтмұханға келер болсақ, бұл балуанымыз 97 келіге бейімделіп келе жатыр. Финалға дейінгі қарсыластарына еш айла қалдырған жоқ. Ақтық сында өзі секілді жас спортшы, әлем чемпионы Ахмед Тажудиновпен күресті. Ризабек адуынды қарсыласына жақсы тойтарыс берді деп ойлаймын. Ахмед бұрыннан сол салмақта жүрген жігіт. Салмағы жүз келіден асады. Ал Ризабектің салмағы әлі де болса жетіңкіремейді. Бұл белдесу кезінде бәрібір де байқалады. Елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы 97 келіде де жақсы нәтижелер тіркейтініне сенімдімін. Оның күресі көңілге сенім ұялатады", - деді команда бапкері Қарысбек Махамбетов.