Ерік Қасқабаев: Спорт арқылы өз-өзімді таптым

Ерік Қасқабаев: Спорт арқылы өз-өзімді таптым
Басқа

Биыл еліміздің пара волейболшылары тамыздың 28-і мен қыркүйектің 8-і аралығында Парижде өтетін XVII жазғы Паралимпиада ойындарына қатысады. Бұған дейін волейболды отырып ойнаудан ерлер ұлттық құрамасы Қытай командасымен Азия чемпионатында кездескен еді. Қызу тартыстың нəтижесінде көптен күткен лицензияны жеңіп алдық. Қазір оқу-жаттығу жиыны жүріп жатыр. Дайындық барысында ұлттық құрама мүшесі Ерік Қасқабаевпен емен-жарқын əңгімелесуге мүмкіндік туды.


- Әуелі ұлттық құрама қоржынына жолдама əкелгендеріңіз үшін көп рақмет. Байқауымша спортпен біраздан бері айналысасыз. Пара воллейболға қалай келдіңіз?

- Дұрыс байқағансыз, баяғыда өзім жеңіл атлетика,қол күрес, пауэрлифтинг сияқты спорт түрлерімен айналысқанмын. Бірақ ол кезде жарыстарда бір өзім жүретін едім. Ал воллейбол-командалық ойын. Пара воллейболды таңдауымның мəні осы. Біз ойын кезінде де, ойыннан тыс та бір отбасымыз. Жалпы отырып ойнайтын воллейболға 2002 жылы келдім. Шамамен 16 жасымда. Осында жүріп көп адамдарды кездестірдім, жасын да, кəрісін де. Кейбірі жол апатынан, енді бірі ауыр соққыдан жарақат алып аяқтарынан айырылды. Соған қарамастан спортқа келіп, өз-өздерін тауып жатыр. Бастысы үйде отырып қалмау. Спорт арқылы мен де өзімді таптым. Қазір мен өмірімді спортсыз елестете алмаймын.


- Ұлттық құрама қатарына қашан қосылдыңыз?

- Мен өзім Қызылорда облысынанмын, əрі Қызылорда құрамасының аға-жаттықтырушысымын. Ал ұлттық құрамаға 2005-2006 жылдардан бері мүшемін. Оған дейін екі жылдай бірінші Қызылорда да, екінші Ақтөбеде ойнадым. Атырауда да ойнағаным бар. Осылайша əр ойын сайын шындалып, өзімді көрсетіп ұлттық құрамаға кірдім. Əр чемпионат, əр ойын біздің байланысымызды нығайта түсті. Соның арқасында бір-бірімізге қолдау көрсетіп бір отбасыға айналып отырмыз. Үлкені ағам, кішісі інім. Бəріміз бір үйдің баласындаймыз.

- Бір сөзіңізде жаттықтырушымын деп айтып қалдыңыз. Спортшы болу мен бапкер болудың балансын қалай ұстап отырасыз?

- Орынды қойдыңыз. Себебі шыны керек мұның да қиыншылығы бар. Бір сəтте əрі ойнап, əрі бапкер ретінде басқаларды бақылауда ұстау ауыр. Соған қарамастан қазір оған етім үйренген сияқты. Бапкерлікке келуіме менің ұлттық құрамаға кіруім əсер етті. Біраз деңгейім өсіп, қабілетім ашыла бастаған соң маған бұл қызметті өздері ұсынды. Қазіргі бапкерім мені дайындап, əр түрлі əдіс-тəсілдерді үйретеді. Ауылға барғанда өз шəкірттеріме үйренгеніммен бөлісемін. Кейде бір жарыста əрі спортшы, əрі бапкер де болуға тура келеді. Мысалы, Қызылорда командасымен Қазақстан чемпионатына барғанда мен ойыншы жəне жаттықтырушы болуыма тура келді. Барлық бапкерлер сияқты уақыт санап, сырттан қадағалап, қолдап жүремін, сол сияқты басқа ойыншылар сияқты ойнаймын да. Алғашқыда қиындықтар болды. Ал қазір үйреніп те кеттім. Тактикалық, физикалық жағынан дайындаймын. Шабуылшы кім, қорғаушы кім, қабылдаушы кім бəрін қойып беремін. Бұл менің спорт жолындағы үлкен тəжірибем. Айтпақшы, қазір осында үш шəкіртім жүр. Үшеуінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Арамызда ең жас ойыншы бар. Есімі Əбдібек Ерасыл. Жақында 18 жасқа толды. Одан кейін бойы ең ұзын ойыншы бар. Оның аты-жөні Амидола Асылхан. Бойының ұзындығы 197 см. Сондай-ақ ең үзік қабылдаушы Медеуов Шыңғыс деген бауырым бар. Төртеуміз осы Қызылордадан келдік. Ендігі мақсат жүлделі болу, жақсы нəтиже шығару. Оның да ауасы алыс емес сияқты.

- Шетелге шығып тұрасыз ба?

- Əрине, спорт маған осындай мүмкіндік сыйлады. Бір жағынан дүниетанымымды кеңейтіп, екінші жағынан тəжірибе алмасуға жақсы. Көбінесе ұлттық құрамамен чемпионаттарға байланысты шекара асамыз. Одан бөлек оқу-жаттығу жиындары қарсаңында да барып тұрамыз. Бірнеше рет сырт алаңда жүріп жүлделі болдық. Паралимпиадаға жолдама алғанға дейін барлық жарыста осы ортамен бірге болдым. Бұл жолғы шетелге шығуымыз ерекше əсер бергелі тұр. Себебі бұл біздің өміріміздегі ең маңызды ойын. Маңыздылығының мəні де сол, кез келген спортшының арманы ол-олимпиадалық ойында жүлделі болу. Командалық ойын болған соң бəріміз жеңістен үміттіміз. Спорттың да шыңы осы деп ойлаймын. Сондықтан болар қобалжу жоқ емес бар.


- Сіздер қазір физикалық тұрғыда дайынсыздар. Ал психологиялық тұрғыдан дайындықтарыңыз қандай?

- Иə, спортта көбіне физикалық тұрғыда дайындықтар басым жүреді. Бірақ, біздер тактикалық, практикалық, техникалық, онымен қоса психологиялық дайындықтарды да өткіземіз. Əсіресе осы паралимпиада алдында жауапкершілігіміз екі есе артты. Тек менің ғана емес, бүкіл əріптестерімнің бойына осындай сезім ұялады деп ойлаймын. Алда үлкен жарыс, үлкен дода келе жатыр. Сол себепті жарақаты барлар немесе жарақаттың алдын алу үшін медициналық дайындықтар жүруде. Жақында құрамада оқу-жаттығу жұмыстарының мерзімі аяқталады. Дегенмен бұл демалыс деген сөз емес. Біз өз қаламызда дайындықты жалғастыра береміз. Бапкердің берген тапсырмаларын орындаймыз. Ол кісі біздің қабілеттерімізді немесе, керісінше кемшіліктерімізді өте жақсы біледі. Сондықтан қашықтықтың өзі біздің дайындығымызға кедергі келтіре алмайды. Сондай-ақ бапкердің сөзін заң деп білеміз. Спорт психологиялық дайындықты талап ететіндіктен, оған əркім өзі үшін саналы түрде дайындалғаны жөн. Мысалы, мен өзімді осы қалпымда қабылдаймын. Сол үшін менде психологиялық тұрғыдан ешқандай қиындық, стресс туындамайды. Туындап жатса бірден ел намысын, жанкүйерлерімізді ойлап өзімді сабырға шақырамын.

- Басқа спорт түрлерімен айналысатын құрама немесе спортшылармен қаншалықты байланыстасыздар?

- Спорт өз ішінде бөлінетіні болмаса, бəріміз бір саланың адамдарымыз ғой. Бəріне ортақ бір мақсат бар дегендей. Əрине, басқа да спортшылармен, құрамалармен араласамыз. Тіпті, орталықта кездесіп қалып əңгімелесеміз де. Ондай бөлінушілік немесе көреалмаушылық атымен жоқ. Керісінше бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Мысалы, біз аптасына екі рет бассейнге жүзуге барамыз. Ол уақытта осы жүзу спортының майталмандары да жүреді. Сол кезде арамызда кəдімгідей достық, əріптестік байланыс орнайды. Əсіресе Азия ойындары кезінде қатты байқалады. Біз оларға қолдау көрсетсек, сосын олар бізге де келеді. Жаңа айтып кеттім ғой, біз бір отбасымыз. Сондықтан бұл жаңалық емес. Кез келген ортада, додада бірімізді біріміз көтеріп, жеңістің дəмін сезіндіргіміз кеп тұрады.

- Сіз пара воллейболдан шетелдік құраманың қайсысына жанкүйерсіз?

- Əркімдікі өзіне дейді ғой. Негізі мен өз командама жанкүйермін. Ал егер, шетелдік болса, онда, мен үшін мықты команда ол- Иранда. Жалпы, ол елде бұл спорт өте қарқынды дамыған. Əлімдік рейтингте топ жарып, аты ақырып тұр. Біріншіден, олардың бойлары табиғатынан ұзын. Дəл осы воллейболғс арналғандай-ақ. Осы тұста бір факт айта кетейін. Пара воллейболдан əлемдегі ең ұзын ойыншы Иранда ойнайды. Оның бойының ұзындығы 2,5 м, құрамада шабуылшы. Ол командамен бірге ойнадық та, оқу-жаттығу жиынын да өткізіп көрдік. Ең қызығы қос құрама өте жақсы араласып кеттік. Олар бізге келді, біз оларға бардық. Осылайша Ирандықтармен тəжірибе алмасқанымыз бар. Осы сəтте олардың біздің құраманың өсуіне, паралимпиадаға жолдама алуымызға септігі тигенін де айтуым керек. Сондықтан қанша жерден қарсылас болсақ та, біздің арамызда достық, сыйластық байланысы ажырамасы анық.

- Отбасыңыз туралы сөз қозғасақ…

- Құдай қосқан қосағым, Алла берген екі қыз, екі ұлым бар. “Алма ағашынан алыс түспейді” дейді ғой. Əйелім де, ұл-қызым да өзім сияқты спортпен айналысады. Бірақ жан-жарымды спортта кездестірген жоқпын. Жəй ғана кездейсоқтық болды. Ол өзі дзюдошы. Үлкен қызым каратэмен, ал ұлдарым дзюдоға қатысады. Чемпионаттарға, жалпы жарыстарға жиі сапарға шығамын. Спортта жиі жол жүру отбасылы адам үшін кемшілік. Кейде апталап, айлап үйде болмаймын. Мұндай жағдайда əйелімнің тарапынан үлкен қолдау күтемін. Өзі де спортпен айналысқандықтан болар, қандай жағдай болмасын түсіністікпен қарайды. Сондықтан əйелімді бағалаймын, оның қолдауын жиі сезінемін. Осы тұста осы адамға алғысымды білдіремін.