Юрий Мельниченко: Ресейлік балуанға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын

Юрий Мельниченко: Ресейлік балуанға қатысты нақты ештеңе айта алмаймын
Күрес

Грек-рим күресінен Ресей чемпионы, 23 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының жеңімпазы Шамиль Ожаевтың Қазақстан төлқұжатын алып, ұлттық құрамаға ауысатыны туралы sportarena.kz сайтында материал жарияланды. Осыған орай, Bassport.kz тілшісі ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченконың пікірін білген болатын. 

Бас бапкердің айтуынша, ол Ожаевтың Қазақстан құрамасына ауысуы туралы ақпараттан бейхабар. 

"Шамиль Ожаевтың құрамаға ауысуына қатысты нақты ештеңе айта алмаймын. Мұны федерация басшылығымен кездескен соң анықтаймын. Ожаев біздің командамен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Қарағандыдағы жарысқа қатысқанын білемін. Бірақ төлқұжат пен команда ауыстыруына қатысты ресми мәліметтерден хабарым жоқ. Басшылықпен кездескенде талқылаймын.
Егер спортшы төлқұжатын ауыстырса, ол міндетті түрде осы Олимпиадаға қатысады деп ойлаудың қажеті жоқ. Қазір Ресейдегі жағдайды білесіздер. Көптеген спортшылар өзге елдерге кетіп жатыр. Сондықтан Шамильге қатысты ештеңе әлі анық емес", - деді бас бапкер.

Айта кетелік, Шамиль Ожаев 87 келіге дейінгі салмақта сынға түседі. Ал қазақстандық грек-рим күресі шеберлері дәл осы салмақта ғана Олимпиада жолдамасын иеленген. 

Нұрсұлтан Тұрсынов Белградтағы әлем біріншілігінде Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізген еді.