Қазақстан балуандары Түркияда өткен турнирде 12 алтын медаль жеңіп алды
Федерация
Түркияның Анталья қаласында өткен Victory Cup халықаралық турнирінде Қазақстанның жасөспірімдер (U17) және жастар (U20) құрамалары жоғары нәтиже көрсетті.
Жалпы 20-ға жуық елден 800-ден астам спортшы қатысқан жарыста қазақстандық балуандар 12 алтын, 9 күміс және 16 қола медаль жеңіп алды. U17 жас санатында қазақстандықтар барлық күрес түрі бойынша командалық есепте бірінші орынға ие болды. Әсіресе грек-рим күресінде отандастарымыз 3 алтын, 1 күміс және 8 қола медаль еншіледі. Атап айтқанда, Жаңажол Қуанышбек (51 кг), Асқар Нұрали (60 кг) және Төлеш Марлен (65 кг) өз салмақтарында топ жарып, команданың жалпы жеңісіне үлес қосты.
Еркін күресте де қазақстандық балуандар көшбасшылықты сақтап қалды. Бақдәулет Ағабек (48 кг), Темірлан Мұрат (55 кг) және Әділет Рысбай (71 кг) алтын медаль жеңіп алды. Бұл бағдарламада Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде иеленіп, жалпы есепте бірінші орынға тұрақтады.
Командалық есепте Қазақстан бірінші орын алса, Әзербайжан екінші, ал Түркия үшінші орынға жайғасты.