Айбол Әбікен «Қайсардың» келесі матчына қатыспауы мүмкін
Vesti.kz
Қызылорданың «Қайсар» ФК жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен жарақатына байланысты келесі ойынды өткізіп алуы мүмкін.
Журналист әрі инсайдер Эльдар Аманбаев таратқан мәліметке сәйкес, Қазақстан құрамасының ойыншысында миы шайқалды деген күдік бар.
Айбол Қазақстан Премьер-лигасының 7-туры аясында «Оқжетпес» футбол клубына қарсы өткен матчта жарақат алды. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Ойынның алғашқы таймында қарсылас қорғаушымен соқтығысқаннан кейін 29 жастағы хавбек алаңнан ауыстырылды.
Дәрігерлердің алдын ала қорытындысы бойынша, футболшының бас миы шайқалуы мүмкін. Егер бұл диагноз расталса, Айбол алдағы матчқа қатыса алмайды.
Еске салайық, ҚПЛ-2026 маусымының 8-туры аясында Қайсар ФК 2 мамыр күні өз алаңында «Жетісу» футбол клубын қабылдайды.