"Әл-Хилальге" дейін: Неймар мансабында қанша табыс тауып үлгерді
Balkis Press/ABACA
Осыдан шамамен бір апта бұрын бразилиялық футболшы Неймар "Әл-Хилаль" ойыншысы атанды. Оның саудиялық клубтағы нақты жалақы мөлшері әлі жарияланбады. L'Equipe футболшы екі жылда 160 млн еуро табады десе, Sky Sports саудиялықтар Неймарға жылына 150 млн еуро төлейді деп жазады. Ал BasSport.kz Неймардың бүкіл мансабы бойы тапқан табысын есептеп көрді.
Бразилиялық футболшы ең алғашқы кәсіби келісімшартына 2009 жылы "Сантоспен" жасады. 17 жастағы спортшы жылына 900 мың еуро пайда тапты. Араға екі жыл салып клуб оның жалақысын 3 млн еуроға дейін көбейтті.
"Барселонадағы" алғашқы жылында Неймар 7 млн-ға жуық жалақы алса, мансабындағы ең үздік маусымында 6 млн табыс тапты. Ал испаниялық клубтағы соңғы екі маусымында ол жалпы 25 млн еуро пайда көрді.
2017 жылы "ПСЖ" сапын толықтырған Неймар алты жыл ішінде 164 млн еуро табыс тапқан. Осы уақыт аралығында оның жалақысы жылына 24 млн еуродан 31 млн-ға дейін өсті.
Неймар табатын табыстың маңызды бөлігін түрлі брендтермен келісімшарттар құрайды. 2011 жылы ол Nike-пен келісімшарт жасасып, тоғыз жыл ішінде 78,5 млн еуро пайда тапты. Ал 2020 жылы Puma бразилиялық футболшыға жылына 25 млн еуро табыс табатын жаңа келісімшарт ұсынып, Неймар Nike-пен келісімін бұзды.
Сондай-ақ, футболшының өзге де демеушілермен келісімшарты бар. Red Bull, DAZN, Epic Games, Konami, Netflix, Qatar Airways және Qatar National Bank-пен келісімдер негізінде Неймар жылына 23 млн еуро табыс табады.
Бір айта кететіні, Сауд Арабиясындағы екі жыл ішінде Неймар бүкіл мансабы бойы тапқан табысын таба алады.