Мырзағали Айтжанов «өз шәкірттерін сүйрей береді» деген сынға жауап берді

Жақында бокстан ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалған Мырзағали Айтжанов «өз шәкірттерін сүйрей береді» деген сынға жауап берді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Қазақстан бокс федерациясының «Qazaq Ring» атты подкасты шықты. Алғашқы шығарылымында ерлер құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов, федерацияның атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков және Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев қатысты.

Жыл басында ұлттық құрама тізгінін ұстаған Мырзағали Айжанов өз таныстарын, шәкірттерін сүйреуге құмар деген сынайтындарды жауап берді.

Әрине, Біржанды айтуы мүмкін. Ол менің төл шәкіртім. Бір айта кететін жайт, Біржанға дейін Қазақстанда 48 келіге дейін салмақта жетістікке жеткен боксшы болмаған. Сосын Жақыповқа қарап өскендер бар. Бұл әрине сол бәсекелестіктің арқасы. Біржаннан соң, Ержан Жомарт әлем біріншілігінде қола медаль алды. Теміртас Жұсіпов 2021 жылы дүние жүзінің алтын медаліне ие болды, - дейді бас бапкер.

Ол құрамада ауылының боксшылары немесе туыстары жоқ екенін айтты. Сонымен қатар араға үзіліс салып, ұлттық құрамаға қайта оралуының себебін айтты.

Бұған дейін тоғыз жыл бас бапкер болдым. Сол кезде көп тәжірибе жинақтадым. Енді тізгінді қайта ұстау – жауапты жұмыс. Сол себепті бар күшімізді саламыз. Елімізді жаңа жеңістерге бастағым келеді, - дейді Мырзағали Айтжанов.

Ол қазір құрамада тәжірибелі боксшылар аздау екенін, көбісі жастар екенін де тілге тиек етті.