Жапондар ғажаптың күшімен емес, еңбекпен жеңіп жатыр. Франциялық бапкер Қазақстан дзюдошылары туралы не айтты

Жапондар ғажаптың күшімен емес, еңбекпен жеңіп жатыр. Франциялық бапкер Қазақстан дзюдошылары туралы не айтты
Дзюдо

Дзюдодан Қазақстан командасында шетелдік екі маман жұмыс істеп жатыр. Солардың бірі – Франция құрамасын жеңіске бастап, спорттық ғұмырында екі дүркін Олимпиада жүлдегері атанған Стефан Трено. Тәжірибелі бапкер Қазақстан командасының Париж қарсаңындағы жетістігіне тікелей жауапты тұлғалардың бірі болмақ. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген Стефан команданың қазіргі аяқ алысына тоқталып, балуандардың тұрақсыз өнер көрсетуіне басты себеп не екенін айтып берді.

- Стефан мырза, Қазақстанға келгелі бері қандай жұмыспен айналысып жатырсыз? Жаттығу жиындары қалай өтіп жатыр...

- Қазақстандық дзюдошылардың талабы жоғары. Деңгейлері де жақсы. Осы елге келгелі бері жақсы балуандарды көзіміз шалуда. Тек бір нәрсені – тәртіпті ұмытпау керек. Тәртіп, тәртіп және тәртіп. Егер тәртіп болса, бәрін реттеуге болады. Қазіргі таңда құрама спортшылары Жаңашар базасында жаттығуда. Ал дзюдо академиясында 100 келі және одан да ауыр салмақтағы балуандар оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Дәл осы академияға әлемнің үш дүркін чемпионы Тедди Ринерді де шақырдық. Бұл біздің балуандарға үлкен серпіліс берері анық.

- Сізбен сұхбат құрғанда Елдос Сметов туралы сұрайтынымыз анық. Еліміздің нөмірі бірінші балуаны қазір бабында ма? Оның 60 келіге қайта оралуына қатысты не айтасыз?

- Елдос – өте талантты спортшы, нағыз чемпион. Екі Олимпиадада медаль алған жігіт. Алғаш рет онымен Будапештте кездескенде қай салмақ өзіне жайлы екенін сұрадық. Ол ойланбастан 60 келіде сынға түскісі келетінін айтты. Елдостың жеке жаттықтырушысы мен ұлттық құрама бапкерлерімен ақылдасып, осы шешімге тоқтадық. Ал өз салмағына қайта оралып Елдос әлем чемпионатының тағы бір қоласын еншіледі. Қазіргі таңда Елдостың иығында жарақаты бар. Соны емдеу үшін барымызды салып жатырмыз. Алдағы бірнеше жарысқа қатыстырмай, жарақатынан толық айығуын күтіп отырмыз. Сметов нағыз чемпион екенін тағы да қайталап айтамын.

- Ал Ғұсман Қырғызбаевтың 66 келіде Олимпиадаға жолдама алу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

- Ғұсман да өте жақсы балуандардың бірі. Ол 66 келідегі біршама жарыстарға қатысып, өз әлеуетін танытып үлгерді. Бұл салмақта Ғұсманнан бөлек, тағы да талантты спортшылар бой көтеріп келеді. Мәселен, Гранд-слэм турнирінде қола жүлдегер атанған Есет Қуанов. Біз бұл салмақтағы барлық балуанды жарысқа қосамыз. Кім үздік атанып, ұпайды көбірек жинаса, Олимпиадаға сол барады.

-  Дзюдода бүгін әлем чемпионын жеңген балуан ертең елеусіздеу спортшыдан ұтылып қалуы мүмкін. Бұл – қалыпты жағдай. Десе де, Сметовтен өзге балуандарымызда тұрақсыздық басым. Бұған не айтасыз?

- Басында айтқанымдай, ең алдымен тәртіп қажет. Біз физикалық әлеуетімізді арттырып, арнайы техникаларды да қолданамыз деп ойлаймын. Қазір дзюдодан әлемдік деңгейде өнер көрсету үшін үлкен күш керек. Жетістік оңайлықпен келмейді. Жылдық күнтізбені қарайтын болсаңыз, жарыстар легі өте көп. Спортшыларымыз бір жарысқа барып, екіншісіне дейін шаршап қалмауы қажет. Сол үшін физикалық әлеуетті күшейтуге арналған жаттығуларға басымдық берудеміз. Балуандарымыз өз күшіне сенімді болуы үшін де жұмыс істеудеміз. Дзюдошыларымыздың жігерін жану мақсатында Франция федерациясымен келісіп, үш дүркін Олимпиада чемпионы Тедди Ринерды осында шақырдық. Тедди де екі аяғы, екі қолы бар, ет пен теріден жаралған адам. Оның басқалардан айырмашылығы – күн сайын жаттығатыны ғана. Ол да жеңіледі, ол да шаршайды. Бұл – қалыпты жайт. Біздің команда мүшелері Ринерді көрген соң, мықтылармен да белдесуге болатынын сезінеді деп ойлаймыз.

- Яғни, күн сайын жаттығуға көңіл бөлу керек дейсіз ғой...

- Иә, күн сайын жаттығу керек. Мәселен, жапондардың жеңісіне бәріміз таңдай қағамыз. Бірақ олар ғажайыптың күшімен жеңіп жатқан жоқ. Олар толассыз дайындық, тынымсыз еңбек пен күн сайынғы жаттығудан нәтиже шығаруда. Қазақстан командасының мүшелері ай сайынғы жаттығу жиынынан бөлек, күн сайын шеберлік шыңдауға баса мән беруі қажет.

- Командадағы жастар туралы не айтасыз?

- Білесіз бе, командадағы жастардың аяқ алысы жақсы. Қуантады. Оларды 2028 жылғы Олимпиада ойындарына дайындаймыз. Енді екі жылдан соң командалық жарыстарда нәтиже болады деп ойлаймын. Өйткені, қыздар командасы да біраз алға басып келеді. Қыздар арасында да болашағына үмітпен қарайтын спортшылар жоқ емес. Сондықтан, жастарды шыңдау түсу керек.


Автор: Ақырыс Сейтқазы