Қайрат Сәтжанов: Бас бапкерлік қызметтен өз еркіммен бас тарттым

Қайрат Сәтжанов: Бас бапкерлік қызметтен өз еркіммен бас тарттым
Бокс

Бокстан Қазақстан командасының бұрынғы бас бапкері Қайрат Сәтжанов Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, құрамадан кетуіне не себеп болғанын айтты. Жаттықтырушы денсаулық жағдайына байланысты команда тізгінінен бас тартқан. 


"Былтыр жазда ауырып қалдым. Жүйке жүйесіне салқын тиген. Жаттығумен бірге емді де қатар алып жүргенмін. Дәрігерлер үш тармақты жүйкеге суық тигенін айтты. Тіпті, бетімнің қисая бастағанын да байқадым. Құдайға шүкір, қазір бәрі жақсы. Қалпына келді. Десе де, денсаулығыма күтім керектігін түсініп, өз еркіммен бас бапкерлік қызметтен бас тарттым. Бапкерлік қызметтен кетуімнің басқа себебі жоқ. Жігіттермен де, команда, жаттықтырушылармен де қарым-қатынасы жақсы ", - дейді Сәтжанов.


Сондай-ақ, бұрынғы бас бапкер Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы текетіресті сынағандарға жауап берді.


"2021 жылғы әлем чемпионатында алдымызға Кубаны ғана жіберіп, екінші орын алдық. Сол сында Өзбекстан 13-орын иеленді. 2022 жылғы Азия чемпионатында бізден 9, өзбектерден 7 боксшы финалға шықты. Менің есебім бойынша, Бибосынов, Махмұд, Теміржанов пен Қоңқабаевтар жеңілген жоқ. Бірақ финалдық жекпе-жектер басталған бойда бізді қыса бастады. Жақында біздің команда өзбектерден ойсырай ұтылды деген мақаланы көзім шалды. Бұл - қате пікір. Олай атүсті шешім шығаруға болмайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан ІВА рейтингінде бірінші орын алды. Өзбекстан екінші сатыда тұр. Осының бәріне назар аудару керек", - дейді ол.


Сөз соңында Қайрат Сәтжанов жастар арасындағы Азия чемпионатына аттанатын командаға сәттілік тіледі.


"Қазір жігіттер Таиландта өтетін Азия чемпионатына дайындалуда. Аталған жарыстан бірінші онынмен ораларымызға сенім мол. Өйткені, мен жастар командасынан бері жақсы білетін Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан сынды мықты боксшылар бара жатыр. Олардан тек жеңіс күтемін, сәттілік тілеймін", - деді Сәтжанов.