"Әлем мықтылары бізбен санасады": қазақ нояны Руслан Курбанов Миланда тарихи медаль жеңіп алды
Миланда өткен семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына тарихи жүлде түсті. Шпагамен семсерлесуден ұлттық құрама мүшесі Руслан Курбанов қола медаль жеңіп алды. Бұл Русланның да, Қазақстанның да әлем біріншілігіндегі алғашқы жеңісі. Осы орайда, Руслан Курбанов Bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, тарихи жетістігі туралы сөз қозғады.
- Руслан, жеңіс құтты болсын! Бұл медальдің біз үшін орны ерекше. Өзіңіз әлем чемпионатының жүлдесін қанша күттіңіз?
- Құттықтауларыңызға көп рахмет! Мұндай ірі жарыс кезінде халықтың қолдауы қатты қажет. Жанкүйерлердің демеуі жақсы нәтижеге көмегін тигізеді. Ал медальға келер болсақ, бұл жүлдені мен ғана емес, бүкіл Қазақстан күтті ғой. Сондықтан қуанышымда шек жоқ. Әлі есімде, 13 жасымда алғаш рет Өскеменнен Алматыға жол тартып, ең алғашқы жарысыма келген едім. Содан бері 20 жыл өтті. Демек, бұл медальды да 20 жыл күткенмін ғой...
-Сіздің кәсіби спортта жүргеніңізге көп болды. Әлем чемпионаттары мен Олимпиадада бақ сынадыңыз. Милан төрінде шеберлігіңіз бен тәжіриберіңіздің қайсысы көбірек көмектесті?
- Екеуін бөліп-жаруға болмайды. Екеуі де өз рөлін ойнады. Одан бөлек, командалық жұмыстың маңызы ерекше екенін айтқым келеді. Дәрігерлер мен массажшыға алғысым шексіз. Шыны керек, Токио Олимпиадасынан кейін ұйымдастыру және жаттығу жүйесі өзгерді. Бұл медаль да сол командалық жұмыстың жемісі. Саннан сапаға өтіп жатырмыз. Физикалық тұрғыдан ғана емес, психоэмоциналды жағынан да жұмыс істедік. Семсерлесу әлеміндені мықты мамандардың бірі Ференц Тоттың да еңбегі зор. Командалық нәтиже жақсарып, ұжым болып жұмыс істеуге бет бұрдық.
- Әлем чемпионатындағы әр кездесуіңіз оңай болмағанын білеміз. Десе де, қай қарсылас сізге қиындау соқты?
- Әрине, Янник Боррель. Олимпиада чемпионы, әлем чемпионатының бес, Еуропа біріншілігінің алты дүркін жеңімпазын жеңу оңай болған жоқ. Бірақ спорт осынысымен қызық. Ең мықтылар да сүрінеді, ең үздік спортшыларды да жеңуге болады.
- Жартылай финалға жеткен соң, қоланың қоржында екені белгілі еді. Осы нәрсе финал қарсаңында сізге кері әсер етпеді ме? Мүмкін, қоланы қанағат етіп, босаңсып кеткен шығарсыз?
- Негізі, әлем чемпионатында ешкім де босаңсымайды. Ешкім де тоқмейілсімейді. Финалға бір қадам қалғанда ешкім де демін баспайды. Кездесулердің арасы жақын болған соң, қарсыласты зерттеп үлгермедім. Осы жағынан қиындық болған шығар. Бірақ қола қалтада деп, босаңсымағаным анық. Не болса да, бұл әлем чемпионаты мен үшін үлкен тәжірибе болды.
- Соңғы кезде қазақстандық шпагашылардың нәтижесі жақсарып келеді. Қарсыластар да сіздермен санасатындай деңгейге жетті...
- Иә, бұл рас. Біздің шпагашылардың әлемдегі ең мықты деген қарсыластарымен бәсекелесе алатын мүмкіндігі бар. Қарсыластар да бізді сыйлайды. Семсерлесуді ақсүйектердің спорты деп бекер айтпаған ғой. Әлемдік спортшылармен ара-қатынасымыз жақсы және мұндағы атмосфера да керемет. Кездесу кезінде эмоциямызды шығарып, қиқуға бассақ та, жарыс аяқталған бойда қол алысып, бір-бірімізге сәттілік тілейміз. Кейде шетелдік бапкерлер де жекпе-жектің жоғары деңгейде өткенін айтып, алғысын білдіріп жатады. Жарыста ғана емес, жаттығуда да көрісеміз. Сондықтан барлық спортшылармен ара-қатынасымыз жақсы.
- Жоғарыда шпагашылардың әлемдік жарыстардағы көрсеткіші нығайғанын айттық. Бұл нәтижеге федерацияның да сіңірген еңбегі бар шығар?
- Әрине, федерацияның да еңбегі орасан зор. Өйткені, жоғарыда атап өттім, бізде командалық жұмыс жақсарды. Тек қана физикалық тұрғыдан бөлек, психоэмоционалдық жағынан еңбектене бастадық. Бұл тұрғыда мемлекет пен федерация тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Дәрігер, массажшылар жағынан мүлде қиындық жоқ. Бәрі де әрдайым көмектесуге әзір. Федерация тарапынан спортшыларға үлкен мүмкіндіктер беріліп жатыр. Осы орайда, жұмысымызды бір ізге салып берген федерация президенті Мирболат Абуовке де алғысымды білдіремін.
- Токио Олимпиадасынан кейін қандай шешім шығардыңыз?
- Токио Олимпиадасынан кейін қандай шешім шығардыңыз?
- Семсерлесу сені үнемі шиеленісте ұстайтын спорт түрі. Мұнда қателесуге жол жоқ. Қателестің бе, жарыстан шығасың. Екінші мүмкіндік берілмейді. Осы кезде психологиялық көмек маңызды.Токио маған үлкен тәжірибе сыйлады. Керемет тәжірибе десемде болады. Менің өмірлік ұстанымым бар: тәртіп және спортқа деген махаббат. Егер осы екеуі болса, бәрін де жеңуге болады. - Алда Азия ойындары келе жатыр. Одан бөлек, Париж Олимпиадасы да қол бұлғап тұр. Рейтингтегі жағдайыңыз қалай? - Миландағы әлем чемпионатында қола медаль алғаным үшін менің қоржыныма 50 ұпай қосылды. Қазір әлемдік рейтингте үздік бестікке ендім. Енді маған да, командаға да тынымсыз еңбектену керек. Алдағы ірі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғау – басты мақсатымыз.
Сұхбаттасқан - Ақырыс Сейтқазы