Санжар Тәшкенбайды Бибосыновқа бола жарысқа қатыстырмағаны рас па? ҚФБ өкілі жауап берді

Санжар Тәшкенбайды Бибосыновқа бола жарысқа қатыстырмағаны рас па? ҚФБ өкілі жауап берді
Бокс

Бүгін Астанада бокстан халықаралық «Елорда кубогі» турнирі мәресіне жетеді. Аталған сынға Ташкенттегі әлем чемпионатының басты жұлдыздарының бірі – Санжар Тәшкенбай қатысқан жоқ, деп жазады Bassport.kz.

Бұған дейін ұлттық құрама бас бапкері Мырзағали Айтжанов осы турнирде кейбір салмақтағы мәселелер шешілетінін айтып, жанкүйерлер Санжар Тәшкенбай мен Сәкен Бибосынов арасындағы жекпе-жекті күткен еді. Көпшілік Санжар 51 келіге дейінгі салмаққа ауысып, Олимпиада жолдамасы үшін таласқа түсетініне сенімді болды. Алайда турнирге қатысушылар арасынан әлем чемпионын таба алмадық.

Осыдан соң, Санжардың «Елорда кубогіне» қатыспауы да ел арасында қауесеттің көбеюіне алып келді. Көпшілік Бибосыновтың «жолын ашу» үшін Тәшкенбайды Астанадағы турнирге қатыстырмауы мүмкін деген уәж айтты. Ал Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетовтің мәліметінше, жарысқа қатысудан Санжардың өзі бас тартқан.

«Санжарды Халықаралық бокс федерациясы Таиландта өтетін «Бокс түні» атты жекпе-жектер кешіне шақырды. Қазақстаннан Санжар Тәшкенбай, Дулат Бекбауов және Валентина Хальзова шақырту алған. Санжардың бапкеріне хабарласып едім, емделіп жатқанын, бұл ұсыныс туралы ойланатынын айтты. Кейін Санжардың өзі сүйінші хабар айтып, үйленгелі жатқанын жеткізді. Құдалығы да өтіп кетіпті. Сол жерде тойына шақырды. Яғни, Санжар Тәшкенбай отбасындағы жағдайларға және денсаулығына байланысты турнирден бас тартты.
Одан бөлек, салмақ ауыстыру көпшілік ойлағандай оңай нәрсе емес. Жаңа салмаққа бейімделу үшін біраз уақыт керек. Басқа салмақтың майталмандарымен кездесіп, бұл салмақтың қыр-сырын меңгеру де қиын шаруа. Мұнда жылдамдық басқа, күш көп керек. Санжар былтыр Таиландтағы турнирде Сәкенмен кездесіп, ұтылып қалды. Соны да бағамдаған шығар. Сол жекпе-жекте Санжар мұрнын жарақаттап та алған болатын. 
Мысалы, 57 келіге ауысқан Махмұд Сабырхан талантының арқасында бұзып-жарып келе жатыр. Әзірге ол ел ішіндегі турнирге қатысуда. Ертең сыртта өтетін халықаралық сындарда қалай болатынын әлі білмейміз. Әрине, Санжарды ешкім тізімнен сызбайды. Ол әлі күнге дейін Олимпиада жолдамасына үміткер ретінде қаралады. Сәкен Бибосынов Азия ойындарында жолдама алады деп сенеміз. Егер қандай да бір жағдай болып жатса, Санжар Тәшкенбай қаралады», - деді Қожамбетов.