«Барыс» үшінші рет плей-оффтан тыс қала ма?

«Барыс» үшінші рет плей-оффтан тыс қала ма?
Хоккей

Құрлықтық хоккей лигасында өнер көрсететін «Барыстың» биылғы маусымдағы нәтижелері көңіл көншітпейді. Елордалық ұжым соңғы екі ойында жеңіске жеткенімен, үздік сегіздікке әлі сенімді ене алмай жүр. BasSport.kz сайты Құрлықтық хоккей лигасы 15 маусымының қаңтар айларындағы нәтижелерін сараптап көрді.
Биыл «Барыс» Шығыс конференциясы клубтары арасында ең көп ұпай жоғалтқан команда. Команданың еншісінде маусымның 55 кездесуінен кейін 52 ұпай бар, бұл – конференциядағы тоғызыншы нәтиже. Енді Құрлықтық хоккей лигасының ең алғашқы маусымына сапар шегіп көрейік.
2008/2009 жылдар маусымында Құрлықтық хоккей лигасы құрылып, астаналық «Барыс» өзге шетелдік командалармен бірге чемпионатта өнер көрсете бастады. Қазір Лигада негізгі уақыттағы жеңіс үшін 2 ұпай берілсе, ол кезде 3 ұпай берілетін оған қоса матчтар саны да аз. Десе де, қаңтар айында маусымның 45 кездесуін ойнап болған команданың еншісінде 61 ұпай болды. Александр Высоцкийдің шәкірттері 16 кездесудің тағдырын негізгі уақытта шеше алған. Бұл тұрақты маусымда Константин Глазачев – Йозеф Штумпел – Максим Спиридонов үштігі өте нәтижелі өнер көрсетіп, үшеуі маусым қорытындысында жалпы 55 гол соққан. Ал жалпы маусым қорытындысында команда 15-орынға тұрақтады.

2009/2010 жылдар маусымының 47 матчынан, атап айтсақ, қаңтардың 19-жұлдызынан кейін астаналық команда еншісінде 65 ұпай болған. Бір жыл бұрын үздік атанған «Барыс» үштігі бұл маусымда да тізгінді бермей, жалпы 53 шайба соққан. Елордалық команда болса, бір қадам алға басып, жылды 14-орынмен қорытындылап, Конференцияда 6-орынмен плей-офф кезеңіне шыққан.
2010/2011 жылдарда 21 қаңтардан кейін «Барыс» қоржынында 68 ұпай болған, команда Шығыс конференциясында 7-орын алып, плей-оффта бақ сынаған. Бұл маусымда команда сапына ұзақ жылдар көшбасшы болған Брендон Боченски қосылып, ҚХЛ-дағы алғашқы маусымында команданың үздік сұрмергені 45 (22+23) атанған.
Келесі маусымда қаңтар айына дейін өткен 42 кездесудің 21-інде «Барыс» тағдырын негізгі уақытта шешкен. Овертаймда не буллиттер соққысында үш рет жеңіліп, екі рет қосымша уақытта өз пайдасына жазған. 2011/2012 жылдар маусымында «Барыстың» аңызға айналған ойыншылары қатарға қосылды. Дастин Бойд пен Найджел Доус ҚХЛ-дағы бірінші маусымдарында 33 ұпайдан еншіледі. 70 ұпаймен плей-офф сегіздігіне сенімді еніп тұрған астаналық клуб маусымның ең тартысты шағына 6-орынмен шықты.


2012/2013 жылдарда да команда өткен маусымдағы нәтижесін сақтап қалған десе де болады. «Барыс» тағы да плей-оффтан тыс қалмай, 6-орынмен Кубок үшін таласқа енді. Ал дәл осындай қаңтар айының кезінде команда қоржынында 67 ұпай болды. Маусымның осы тұста аяқталған 46 матчының он сегізінде 60 минут ішінде жеңіске қол жеткізген. Осы маусымда «Барыс» сапында Николай Антропов, Виктор Хедмэн сынды үздік ойыншылар өнер көрсетті. Ал Боченски – Бойд – Доус үштігі қарқсылас қақпасына 55 гол ұйымдастырған.
Құрлықтық хоккей лигасының бесінші маусымында «Барыс» тарихта тұңғыш рет Чернышев дивизионын жеңеді. 2013/2014 жылдар маусымының қаңтар айында команда олжалаған ұпай саны өзге маусымдармен салыстырғанда айтарлықтай көп. Финляндиялық маман Ари-Пекка Селиннің шәкірттері маусымды қатарынан тоғыз жеңіспен бастаған, ал 2014 жылдың бірінші айында 89 ұпаймен үздіктердің қатарынан көрінген. Шығыс конференциясында 2-орынмен плей-офф кезеңіне жолдама алған жерлестеріміз тұңғыш рет Кубок үшін таласта жартылай финалға (Конференция) шықты.

Өткен жылмен салыстырғанда, 2014/2015 жылдар маусымының көрсеткіші сәл төменірек болды. Десе де, маусымның басталғанына 4,5 айдан асқан тұста «Барыстың» қоржынында 72 ұпай болды. Команда алдыңғы маусымдардағы дәстүрінен жаңылмай, көптеген кездесудің тағдырын негізгі уақытта шешкен. Андрей Назаров баптаған «Барыстың» Бойд – Боченски – Доус үштігі маусым қорытындысында 62 гол соққан. Бұл – жыл қорытындысында Лигадағы ең үздік нәтиже болып тіркелді. Осындай нәтижелі үштіктердің маусым экваторынан асқан тұстағы жақсы нәтижесіне ықпал ететіні сөзсіз.


2015/2016 жылдар маусымында «Барыстың» тізгіні Андрей Назаровта қалып, бұл кезең команда үшін аса табысты болған жоқ. Астаналық ұжым өз тарихында бірінші рет плей-оффтан тыс қалды. Маусымды 9-орынмен қорытындылаған жерелстеріміздің еншісінде қаңтар айының дәл осы күндерінде 77 ұпай болған.
Соңғы маусымда көңіл көншітпейтін нәтиже тіркеген «Барыстың» тізгінін 2016/2017 жылдар маусымында Эдуард Занковец ұстады. Белорусиялық маман команданы 5-орынмен плей-офф кезңеіне шығарып қана қоймай, Шығыс конференциясының жартылай финалына дейін жеткізді. Ал біз сараптама жасап отырған қыркүйек – қаңтар айлары арасында команда 76 ұпай еншілеп үлгерген.
Ал 2017/2018 жылдар маусымының қорытындысы көп жанкүйердің есінде жақсы сақталған. Өйткені, қазақстандық маман Евгений Корешков «Барыстың» бас бапкері қызметі тапсырылған маусымда команданың аяқ алысы өте жақсы болды. Қарашаға дейін команда Шығыс конференциясының көш басында келе жатыр еді. Алайда биылғы маусымға дейін тұрақты түрде қарашада болатын Лигадағы үзілістен кейін астаналық ұжым адам танымастай өзгерді. Сөйтіп, қаңтар айында «Барыстың» қоржынында 70 ұпай болды. Бірақ бұл плей-оффқа жету үшін жеткіліксіз еді, одан бөлек бұл шақта команданы Ғалым Мамбетәлиев жаттықтырып жүрді. Сөйтіп, команда маусымды 10-орынмен аяқтап, Лига тарихында екінші рет плей-оффқа шыға алмай қалды.


Сәтсіз маусымда артта қалдырған клуб 2018/2019 жылдарға белорусиялық маман Андрей Скабелканың қызметіне жүгінуді шешті. Андрей Скабелка өзіне артылған сенімді ақтап, «Барыс» тарихындағы үздік нәтижелердің бірін көрсетті. Команда 2-орынмен плей-оффқа шықты. Лигадағы жеңіс үшін берілетін ұпай саны өзгерген жаңа маусымның қаңтар айында Скабелка шәкірттерінің еншісінде 71 ұпай болды. Бір айта кететін жайт, осы нәтиже соңғы төрт маусымның осындай кезеңіндегі ең жоғары ұпай саны. Бұл маусымда «Барыстың» бірқатар ойыншысы нәтижелі ойын көрсетті: Даррен Диц – қорғаушы 53 (15+38) ұпай, Роман Старченко – шабуылшы 39 (18+21) ұпай, Андре Петтерсон – шабуылшы 45 (23+22) ұпай. Команда үзідктердің қатарында болып плей-оффқа шыққанымен, екінші кезеңнен әрі аса алмаған.


2019/2020 жылдар маусымында астаналық клубтың тізгінінде Андрей Скабелка қалды. Тарихтағы жарқын маусымдардың бірінің қаңтар айында қоржынымызда 67 ұпай болып, Конференцияда 2-орында тұрдық. Ал тұрақты маусым қорытындысында команда екінші рет қатарынан екінші орынмен плей-оффқа шықты. Осы маусымды ұзағырақ өткізуге бар мүмкіндігі болған «Барысқа» коронавирус кедергі болып, екінші кезеңде «Сібірмен» жолыға алмай қалған. Тағы бір айта кететін жайт, осы маусымда «Барыс» буллиттер соққысына дейін жеткен матчтардың барлығын өз пайдасына шеше білген.
Пандемияға қарамастан басталған Құрлықтық хоккей лигасының 2020/2021 жылдар маусымында «Барыстың» бас бапкері болып Юрий Михайлис жұмыс істеді. Қазақстандық маманның Лигадағы бас бапкер қызметіндегі алғашқы маусымының басы күмәнді болып көрінгенімен, орта тұсына қарай команда жинақталып, қаңтар айында қоржында 55 ұпай болды. «Барыс» алдыңғы екі маусыммен салыстырғанда төмен нәтиже көрсеткенімен, құрамы толығымен дерлік қайта жасақталған командамен 6-орын арқылы плей-оффқа шығуды орташа нәтиже деп қарастыруға болады.

2021/2022 жылдар маусымында Юрий Михайлис «Барыстағы» жұмысын жалғастырды. Алайда бұл маусым пандемияның тигізген кері әсерлері мен Бейжіңдегі Олимпиада салдарынан толық болған жоқ. Нәтижесінде 9 қаңтардағы турнирлік кесте бойынша маусымның 47 ойынынан кейін команда еншісінде 48 ұпай болды. Өткен маусымда «Барыстың» плей-оффқа шығар-шықпасы белгісіз болған. Алайда Лиганың тұрақты маусымдағы жинаған ұпайының пайыздық көрсеткіші арқасында плей-офф жолдамасын сарапқа салуы «Барыстың» көш соңында болса да, үздік сегіздікке ілінуіне мүмкіндік берген. Сондай-ақ бұл жылы маусым қорытындысында үздік үштік атанған, команданы қиын шақта талай тығырықтан алып шыққан Лилья – Волк - Михайлис үштігі болған.

Ал биылғы маусымда Андрей Скабелканың «Барысқа» қайта оралуынан жанкүйерлер жарқын жеңістер мен сенімді ойын күткен. Алайда бас бапкердің шәкірттері тұрақты маусымның аяқталуына сәл-ақ қалған тұстың өзінде үздік сегіздік қатарына сенімід ене алмай жүр. Биылғы маусымда командада тұрақты нәтиже беріп жүрген үшітк жоқ. Бүгінде астаналық клуб 55 кездесуден кейін 52 ұпаймен 9-орында тұр. Команда соңғы екі матчта жеңіске қол жеткізгенімен, маусымның нағыз таласқа толы кезеңіне өту үшін бұл жеткіліксіз болып тұр. «Барыстың» бұған дейін плей-оффтан тыс қалған 2015/2016 және 2017/2018 жылдар маусымдарын салыстырар болсақ, ол кездегі ұпай санау жүйесі бөлек, одан бөлек Лигадағы бәсекелестік қазіргідей қызу болмаған. Сондықтан, егер намысты қолдан бермей, соңына дейін күрессе, «Барыстың» маусымның маңызды бөлігінен тысқары қалмайтыны анық.