"Нағыз арыстандар ешқашан өлмейді": Футболшылар әлем чемпионатында соққан голын кімге арнауда

Футбол

Футболдан Катарда өтіп жатқан әлем чемпионатында топтық кезең аяқталуға жақын. Көп ұзамай плей-офф кезеңіне шыққан командалар тізімі де толық жасақталады. Бүгінге дейін жалпы есебі 97 гол соғылып, кейбір ойыншылар қақпаны дәл көздеген сәттерін жақындарына, өмірден өткен достарына арнауда. Чемпионат барысында мұндай сәттерді бірнеше рет байқағанбыз. Осы орайда, мундиальға қатысушылар әлем чемпионатында кімдерді еске алып, кімдерге құрмет көрсетіп жатыр деген сұраққа жауап іздеп көрдік.


Англия мен Иран арасындағы матч әзірге чемпионаттағы голға бай кездесу ретінде тіркеліп тұр. Бұл ойында Тұманды Альбион өкілдері алты гол соқса, Иран екі рет көзге түскен еді. Ал ағылшындық команданың басты жұлдыздарының бірі Джек Грилиш екінші таймға қосымша уақытта гол соғып, оны ерекше бимен атап өтті. Футболшы қолын екі жаққа сермеп, билеген. Кейін белгілі болғандай, Джек бұл голды өзі жақында танысқан жас жанкүйер, сал ауруына шалдыққан 11 жасар Финлиге арнаған. Голды осылай атап өтуді Грилишке тап осы Финли ұсынған екен.



Англия құрамасындағы сұрмергендердің бірі Маркус Рэшфорд болса, Уэльс қақпасына салған голын марқұм досына арнады. Ол топтық кезеңдегі үшінші айналымда дубль жасаған болатын. Голдарының бірін тойлау кезінде ол саусағымен аспанды көрсетті.

«Бірнеше күн бұрын достарымның бірінен айырылып қалдым. Ол ұзақ уақыт бойы ракпен күрескен еді. Ол менің нағыз жанкүйерім әрі жақсы досым болатын. Ол үшін гол соққаныма қуаныштымын. Менің өмірімдегі орны ерекше болатын», - деді Маркус матчтан соң.


А тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне өткен Сенегал командасы бұл жеңісті осыдан екі жыл бұрын көз жұмған Папа Буба Диопқа арнады. Дәл осы Папа Буба әлем чемпионаттарындағы Сенегалдың алғашқы голын соққан болатын. Футболшылар матч аяқталған соң Папаның суреті бар плакатты көтеріп шықты. Ойыншының суретінің астына: «Нағыз арыстандар ешқашан өлмейді», - деп жазылған.




Чемпионаттың шымылдығын ашқан Катар мен Эквадор арасындағы кездесуде Эннер Валенсия соққан голды бүкіл команда ерекше атап өтті. Олар алаңда тізерлей отырып, екі қолдарын аспанға қаратқан. Осылайша, эквадорлықтар 2013 жылы өмірден өткен құрама мүшесі Кристиан Бенитесті еске алып, жеңіс голын марқұм ойыншыға арнады. Бір қызығы, 27 жастағы Бенитес тап осы матч өткен Доха қаласында көп жұмған еді.


Ал Швейцария қақпасын дәл көздеген бразилиялық Винисиус өз голын жарақатына байланысты матчтан сырт қалған Неймарға арнады. Яғни, ол голды Неймардың стилінде тойлаған. Неймар гол соққан сайын өзін жек көретін хейтерлерге қыр көрсетіп, екі қолын құлағына апаратын Винисиус та дәл осылай қайталады. Бірақ төреші кейін VAR көмегіне жүгініп, голдың оффсайдтан соғылғанын анықтаған.



Австралия құрамасының ойыншысы Митчелл Дюк Тунис қақпасына соққан әдемі голын трибунада отырған кішкентай ұлымен бірге атап өтті. Олар екеуі де саусақтарын кеуде тұсына апарып, бірдей қимыл жасаған.

Айта кетелік, Австралия да плей-офф кезеңіне жолдама алған командалар қатарына қосылды.