"Квота алғаныма әлі сене алмаймын": Эльжана Таниева Ташкенттегі Азия чемпионатын қорытындылады

Гимнастика

Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК

Көркем гимнастикадан Париж Олимпиадасына жолдама алған Эльжана Таниева лицензиялық Азия чемпионатына тынымсыз дайындалғанын айтты, деп жазады ҚР ҰОК сайтына сілтеме жасаған Bassport.kz.

«Азия чемпионаты аяқталып, көпткен күткен Олимпиада жолдамасына қол жеткізгенім үшін бақыттымын. Бапкерім Әлия Мақсұтқызымен бірге бұл жарысқа тынбай дайындалдық. Бағдарламаның бір жерін қиындатып, бір жерін ауыстырып, тұрақтылықты реттеуге күш салдық. Ұзақ сөйлестік. Бәрінің сәтті аяқталғанына, көпсайыстағы төрт бағдарламаны да қатесіз орындап шыққаныма қуаныштымын.

Көпсайыстан алтын алғаным да мерейімді өсіріп тастады, бұлай болады деп ойламап едім. Көптен күткен квотаға қол жеткізгенімізге әлі де сене алар емеспін. Әлем чемпионатынан кейінгі жарты жыл моральдық тұрғыда оңайға соқпады.

Жолдама мәселесі шешілмеген соң, арқамда жүк тұрғандай болды. Енді, міне, бәрі ойдағыдай аяқталды. Париж Олимпиадасына дейін жаттығуды қиындатарымыз анық. Қазір бәрін көргім келеді. Кешегі жеңістен соң, жазғы ойындарға қатысатын болған соң, одан әрі жігерлене түстім», - дейді Эльжана Таниева.