Қален Қалиұлы, дзюдодан жоғары санатты бапкер: Француздар келген соң, ұлттық құрамадан шеттетілдім

Қален Қалиұлы, дзюдодан жоғары санатты бапкер: Француздар келген соң, ұлттық құрамадан шеттетілдім
Дзюдо

Жақында дзюдодан ең беделді турнирлердің бірі – Париждегі Grand Slam додасы дүркіреп өтті. Олимпиадаға қомақты ұпай беретін жарысқа Қазақстаннан отызға жуық балуан қатысқанымен, қоржынға түскені - жалғыз қола. Бүкіл команданың абыройын жапқан – қызылордалық Нұрлыхан Шархан еді. Сол күні әлемдік сындағы алғашқы медалін алған Нұрлыхан үшін қуандық, Нұрлыханмен бірге көзге жас алдық. Кейін оның көрермен арасынан қиқулап отырған жеке бапкері – Қален Қалиұлын көзіміз шалды. Шәкірті финалдық кезеңге өткенде костюм-шалбарын киіп, галстугын тағынып, татами жанында отыратын маманның қалың жанкүйер арасына кеткені қалай? Үш бірдей шәкірті ұлттық құрамаға енген жаттықтырушы неге шетте қалған? Көкейде сайрап тұрған сауалдарды бапкердің өзіне қоюды жөн көрдік. Bassport.kz айтулы маманмен болған әңгімені назарларыңызға ұсынады.

Қален Қалиұлы - дзюдодан жоғары санатты бапкер, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Ұлттық құрамада үздік нәтиже көрсетіп жүрген үш спортшы – Мағжан Шамшадин, Абылайхан Жұбаназар және Нұрлыхан Шарханның жеке жаттықтырушысы. Парижде болған жағдайды ол ұлттық құраманың бапкерлер штабына енбейтінімен түсіндірді.


Француздар келген соң нәтиже құлдырады

«2017 жылы мені дзюдодан ұлттық құрамаға шақырды. Жұмыс істеуге келдім. Өз шәкірттерімді татамиге алып шығып, белдесу кезінде бағдар беріп отыратынмын. 2022 жылы француз бапкерлері келген соң, маған құрамадан кету керек деді. Мен кеттім.

Осы сұхбат арқылы өз пікірімді айта кетейін, менің ешкіммен таласым жоқ! Өз кандидатурамды бапкерлікке де ұсынып жатқаным жоқ. Маған керегі - Қазақстанның көк байрағын желбіретіп, әнұранын шырқату үшін, еліміз үшін, жаттығу кезінде кішкентай кезінен өзім дайындап келе жатқан шәкірттерімнің қасында болып, жарыстарға алып шығу! Себебі менің шәкірттерімді менен жақсы ешкім білмейді! Бұл үшін маған айлық төлеуді де талап етпеймін. Тек балуандарымның қасында болсам, жеткілікті.

Егер мені тек өз шәкірттерім алаңдатса, мен бас командадан кетпей, соларды ғана жаттықтырып, нәтижесін арттыру үшін жұмыс істей беруші ем. Бірақ мені тұтас құрама алаңдатады. Ұлттық құрамадағы әрбір балуанның, әрбір батырымыздың көрсеткіші өскенін қалаймын. Бұл – менің бапкер ретіндегі жеке пікірім. Командадағы франциялық мамандардың көрсеткішіне баға бермеймін. Оны бағалайтын құзырлы органдар – Спорт және туризм министрлігі, Спорт комитеті мен Дзюдо федерациясы бар», - дейді Қален бапкер.

Парижге өз қаражатыммен бардым

Бірнеше жылдан бері Қален Қалиұлы әлемдік жарыстарға өз қаражатымен барып жүр. Кейде Қызылорда облыстық спорт басқармасы көмектеседі. 

«Шәкірттеріммен бірге жарысқа барамын. Жол-пұл мен жатын орынды бұрынғыдай ұлттық құрама көтермейді, әрине. Кейде облыстық спорт басқармасы демеу болады, көбіне өз қаржыма барамын. Алдын ала дайындаламын.  Шүкір, жол ақысын тауып, әлемнің қай түкпірі болса да, шәкірттерімнің соңынан кетемін. Өйткені, оларды кішкентайынан баптаған өзім болғандықтан, кімнің қалай күресетінін, кімге не айту керектігін жақсы білемін», - дейді жаттықтырушы.

Париждегі Grand Slam додасында Қален Қалиұлының шәкірті Нұрлыхан Шархан (100 келіге дейін) қола жүлдегер атанса, Абылайхан Жұбаназар (81 келі) алғашқы жетілікке енді.

Азия ойындарында қақпаның сыртынан сұхбат бердім

2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қален Қалиұлының үш шәкірті бақ сынап, үшеуі де қола медаль жеңіп алды. Қытайдағы кешенді жарыстан білікті бапкер сырт қалған жоқ. Тек татамидің қасынан емес, жанкүйерлер арасынан бағдар береді.

«Азия ойындарынан үш қоламен оралдық. Ханчжоуда да жанкүйерлермен бірге отырып, балуандарыма қолдау көрсеттім. Қай елге барсам да, ең бірінші интернетті реттеп аламын. Себебі, көбіне телефонмен нұсқау беремін. Белдесу арасындағы үзілісте шәкірттерім мен отырған трибунаға тез арада келіп кетеді. Аз уақыттың ішінде келесі қарсыласқа қатысты не істеу керектігін түсіндіріп жіберемін. Татамиде күресіп жатса да, менің даусымды естиді олар. Айтқан әдістерімді істеуге тырысады. Әзірге, жағдай осылай. Әлі есімде, Азия ойындарында журналистер хабарласып, мені таппай жүргенін айтты. Ал мен болсам, қақпаның сыртында тұрдым. Өйткені, аккредитация болмағасын, жаттығу залына өте алмаймын. Сөйтіп, тілшілерге қақпаның сыртынан сұхбат бердім», - дейді ол.

Шамшадинді ешкім шеттеткен жоқ

Қазіргі таңда Қален Қалиұлының шәкірттері Париж Олимпиадасына ұпай беретін рейтингілік жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Әсіресе, Мағжан Шамшадин 60 келіге дейінгі салмақта олимпиадалық рейтингтің 15-орнында тұрақтап келеді. Мағжанның соңғы кезде татамиге шықпағаны да жанкүйерлерді алаңдатып қойған. Көпшілік Елдос Сметовке жол ашу үшін Шамшадинді ірі жарыстардан шеттетуде деген болжамын айтты. Бірақ бапкер бұл болжамды түгел теріске шығарды.

«Елдос үшін Мағжанды жарыстан шеттетті деу - дұрыс емес. Мағжанды ешкім де шеттеткен жоқ, ол жарақатына байланысты біраз үзіліс алды. Ол өткен маусымда жарақат алып, шетелде ота жасатып келген. Оның отасын Қазақстан дзюдо федерациясының басшысы көтерді. Қазір, міне, толық жазылып, қатарға қосылды. Әлемдік жарысқа қатысатын күні де алыс емес. Мұндай қаңқу сөздерге сенудің қажеті жоқ», - деді жаттықтырушы.

Әуелі дайындықты дұрыстау керек

Сөз соңында Қален Қалиұлы әр Олимпиада сайын Қазақстан командасының көрсеткіші төмендеп кеткенін қынжылатынын жеткізді.

«Токио мен Париж қарсаңындағы үш жылды босқа өткізіп алдық. Үлкен спортта команда үшін көп нәрсе қажет. Бірақ ең басты нәрсе – дұрыс дайындық жүйесі. Осыны ескерсек екен. Дайындық дұрыс болса, басқалары реттеледі. Өкініштісі сол, әр Олимпиададан соң келесі ойындарға дейін бәрі реттелетіндей, жолға қойылатындай, жетістігіміз артатындай күйде жүреміз. Ал нәтижеде өзгеріс жоқ. Қай команда, қай спорт түрі болса да, ең әуелі дайындықты дұрыстаған жөн. Сол кезде көрсеткіш те өседі», - деді бапкер.


Сұхбаттасқан: Ақырыс Бөкенбайқызы