Азиада-2023: Алғашқы ондыққа кіру - арман немесе қазақ спорты "жансақтау" бөлімінде жатыр
Қытайдың Ханчжоу қаласында аяқталған жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы өз тарихындағы ең нашар нәтижені тіркеді. 1994 жылдан бері құрлық бәсекесінде бақ сынап, алтын санын жиырмадан асырып жүрген отандық спортшылардың қарқыны 2018 жылы-ақ анық байқалған. Индонезия астанасы Джакартада өткен сол додада біздің құрама төрттен тоғызыншы орынға бір-ақ сырғыған еді. Араға бес жыл салып қазақ спортының қауқары құрлықтағы ондыққа кіруге де жетпей қалды. Бұған не себеп? Bassport.kz тілшісі талдап көрді.
Жазғы Азия ойындарының Қазақстан құрамасы үшін айтарлықтай сәтті болмасын білікті спорт сарапшылары мен журналистер қауымы әу бастан айтты. Оған себеп те жоқ емес.
Біріншіден, 2018 жылғы Джакартадағы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының тоғызыншы орынға сырғығаны үлкен қауіп еді. Бұған дейін кеңес одағынан қалған инерциямен, бокстағы, ескек есу мен жеңіл атлетикадағы бірді-екілі спортшылардың әлеуетімен жан созып келген отандық спорт жүйенің жоқтығынан одан әрі құлдырай түсті. Өкініштісі сол, біздегі спорт саласын басқарған шенеуніктер жекелеген спортшылардың шеберлігі мен күтпеген жерден алтын сыйлайтын кездейсоқ жеңістерге сенім артты. Ал команданы жүйелі түрде, әрбір олимпиадалық цикл бойынша дайындау, резервті жетілдіру ісі кешеуілдей берді.
Екіншіден, Токио Олимпиадасында алтынсыз қалғанымыз көп нәрсені аңғартты. Атлантадан бері чемпионсыз келмейтін Қазақстан құрамасы күншығыс елінде күміске де зар болып қалғаны - кеше. Токиодағы сегіз қола Ханчжоуда елуге жетіп жығылды. Қола да жаман емес, бірақ тарихта тек жеңімпаздар қалады. Ханчжоу бәсекесі басталған бетте-ақ отандық спортшылар қоладан көз ашпай, Азиаданың төртінші күнінде ғана мерген қыздар аңсатқан алтынға қол жеткізген еді. Қазақ спортының «қола дәуірінен» бір шыққаны - біздегі жүйесіздіктің тағы бір дәлелі. Токио Олимпиадасынан соң нәтиженің одан әрі құлдырайтынын білгенімізбен, жағдайды реттеуге тағы да тырыспадық.
Үшіншіден, Қазақстан командасының олимпиадалық спорт түрлеріндегі соңғы жетістіктері расымен көңіл көншітпейтін. Мәселен, Ольга Рыпакова спортпен қоштасқан соң, жеңіл атлетикада жүлде алатын ешкім қалған жоқ. Надежда Дубовицкаяға біраз үміт артылған, бірақ оның деңгейі әлі де әлем мықтыларымен санасуға келмейді. Кениядан келген легионерлер азияның алды болуға жарамай тұр. Демек, үшінші баласын өмірге әкелген Нора Джерутаның бір жыл бұрынғы алтынына алдана тұрамыз (бұл медальдің де тағдыры қыл үстінде тұр – ред. )
Каноэ мен байдаркада ескек есуден Қазақстан құрлық мықтысы саналатын. Қазір бұл спорт түрінен Қытай мен Жапония қарқынды үдетіп, тіпті, әлем чемпионаты мен Олимпиададан жүлде алып жүр. Оның үстіне, жылдар бойы Қазақстан намысын абыроймен қорғаған ағайынды Емельяновтардың да дәурені өтіп барады. Биылғы Азия ойындарында ескек есушілер бір алтынмен шектелді. Бұл алтында да өзбекстандық легионердің үлесі бар.
Жүзуден Дмитрий Баландиннің жетістігін қайталайтын спортшы да әзір шықпайды. Әділбек Мусин Азия ойындарындағы қола медальдарының санын беске жеткізді. Әзірге құрлық деңгейінде жүлде алуға жарайтын жалғыз спортшымыздың мүмкіндігі осыдан аспайды. Ал Ресейден ауысып келген Софья Сподаренко өзі қатысқан ірі ресми жарыста бесінші орыннан көтерілмеді.
Күрес түрлеріндегі жағдай тіпті, мүшкіл. Тәуелсіздік алғалы бері алғаш рет өз ұланымыз еркін күрестен әлем чемпионы атанғаны рас. Бірақ Ризабек Айтмұханның чемпион атанған салмағы Олимпиада бағдарламасына енбейді. Ол 97 келіге ауысатынын сенімді түрде мәлімдеді. Енді жас балуанның жаңа салмаққа бейімделуін асыға күтеміз. Соңғы әлем чемпионатында қазақ балуандары күрестің үш түрінен екі-ақ жолдама жеңіп алды. Еркін күресте Азамат Дәулетбеков қола жүлдегер атанса, грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов чемпионатты бесінші орынмен аяқтап, әупірімдер жүріп лицензияға қол жеткізді. Демек, біз балуан ел еместігімізді тағы да мойындауға мәжбүрміз.
Боксшылардың Ташкенттегі төрт алтыны еңсемізді көтеріп тастағанымен, бұл сында Олимпиада жолдамасы үлестірілген жоқ. Ал лицензия сарапқа салынған Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев қана Париж билетін қалтаға басты. Қалған боксшыларымыз құрлықтық және әлемдік жарыстарда жолдамаға таласуы қажет. Бұрын біз бокстан Олимпиадада қанша алтын алатынымызды болжайтынбыз. Бүгінгі таңда жазғы ойындарға жолдама алудың өзі мұңға айналып отыр. Бұған төрешілер мен әлемдік ұйымдардың да қатысы барын да ескермеуге болмайды.
Дзюдодан 2014 жылы Елдос Сметов, 2018 жылы Дидар Хамза Азия ойындарының алтынын алып, жеңісті дәстүрді бастаған еді. Бұл жолы бір балуанымыз да финалға шыға алған жоқ. Дохада өткен биылғы әлем чемпионатынан да жүлде бұйырмады. 2022 жылы Ташкенттегі біріншілікте Сметов жарақатымен арпалыса жүріп, қоланы қоржынға салған еді. Елдостың жасы келіп, жарақаты асқынған соң, дзюдодағы олқылықтар да айқын көріне бастағандай. Жоғарыда айтып өткеніміздей, біздегі көптеген спорт түрі бір адамның жетістігімен «күн көріп» отыр.
Таеквондодан қанша маман ауысып, Кореядан қанша білікті бапкерлер келсе де, аталған спорт түрінен әлем чемпионатына турист ретінде барып, қайтамыз. 2019 жылы Манчестердегі әлем чемпионатында Қайрат Сарымсақов қола медаль алған соң, отандық таеквондошылар жеңіс тұғырынан көрінген жоқ. Ал Азия ойындарында тәжірибелі екі спортшымыз ғана жартылай финалға шетіп, қалғандары ширек финалдан әрі аса алмады.
Бадминтон мен үстел теннисі, үлкен теннис, триатлон, қазіргі бессайыс пен командалық спорт түрлерінен жүлдеге таласымыз жоқ. Сондықтан бұл спорт түрлерінен нәтиже талап етпей, жылы жауып қою әдетімізге енген.
Міне, жазғы Азия ойындарындағы сәтсіздікке не себеп болғанын осы факторлар айқындап тұр. Жүйесіздік, резервтің жоқтығы, балалар мен жасөспірімдер спортының тежелуі және осы саланы басқарушылар арасындағы түсініспеушілік біздің бүгінгі нәтижемізден көрініс тапқандай. Джакартадағы Азия ойындарынан соң дабыл қақсақ та, айтарлықтай іс атқарылмады. Токиодағы сәтсіздікке де етіміз үйреніп кеткендей. Енді Париж Олимпиадасынан үлкен үміт күтпейміз. Бәлкім, Лос-Анджелес ойындарына дейін ес жиып қалармыз. Бәлкім, президенттің кешегі ескертуі спорт саласын реформалауға жол ашатын шығар...
Әйтпесе, Өзбекстанның алға озғанына тамсанумен уақыт өте бермек...
P.S. Жеңіл атлетикадан аралас эстафетада Қазақстан командасы мәреге төртінші болып келді. Жарыс барысында біздің спортшылар қарсыластанынан әлдеқайда артта қалған. Әйтеуір, ең соңғы боп жүгірген Александра Залюбовская арақашықтықты қысқартқандай болды. Кейін үшінші орындағы Шри-Ланка құрамасы белгісіз себептермен жарыстан шеттетіліп, қола жүлде Қазақстанға берілді. Сол кезде желаяқ Павел Колбовтың:
"Біз негізі киімдерімізді жинап, кеткелі жатыр едік. Ұйымдастырушылар біздің қолаға іліккенімізді айтты. Қатты қуандым. Мен 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде іріктеуден өте алмадым. Міне, күтпеген жерден Азиададан медальмен кетіп барамын", - дегені бар.
Расында, осындай кездейсоқ медальдарға ғана үміт артып жүрміз. Жүйелі дайындықтың болмағаны осыдан-ақ білінеді.
Автор: Ақырыс Сейтқазы
Фото авторлары: Сали Сабиров, Тұрар Қазанғапов, Нұрғали Жұмағазы