Ақмарал Ерекешева: Көп еңбек етсең ғана жеңіске жетесің

Ақмарал Ерекешева: Көп еңбек етсең ғана жеңіске жетесің
Басқа

2025 жылдың 22-маусымы Қазақстан көркем гимнастика спорты үшін ерекше күн болды. Себебі дәл сол күні жас спортшымыз Ақмарал Ерекешева көркем гимнастикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының ел тарихындағы алғашқы жүлдесін алды.

Екі алтын, бір күміс. Бұған дейін қазақстандық арулар Азия біріншіліктерінде топ жарып жүрсе де, жаһандық додаларда жүлде бұйырмай жүрген еді. Әлем мойындаған жас спортшы елге оралғасын, әдейі барып, әңгімеге тарттық.

- Ақмарал, жеңіс құтты болсын! Көптен күткен жүлде. Бүкіл ел болып қуандық. Әлем чемпионы ретіндегі сезім қандай екен? 

- Рахмет! Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, ерекше сезім. Енді ғана сезіліп жатыр. Бұл тек менің ғана емес, мені қолдаған бүкіл команданың жеңісі. Төрт жасымнан жаттықтырған бапкерімнің, еш қиындықтарға қарамастан мені қолдаған ата-анамның жеңісі. Барлығы құттықтап жатыр. Әуежайдан қарсылап алып жатыр. Мен өте қуаныштымын. Бір жағынан енді одан да жақсы жаттығуым керек екенін түсінемін.

- Сіздің кілемдегі өнеріңізге қарасақ, күрделі жаттығуларды еш қиындықсыз, жеңіл, жымиып жүріп істейсіз. Бұл туа біткен қасиет пе, әлде бапкеріңіз үйреткен кәсіби дағды ма?

- Сырт көзге бәрі оңай көрінуі мүмкін, бірақ ол көп еңбек арқылы келетін нәрсе. Жаттығуды күлімдеп жүріп орындау — менің осы спортты жақсы көретінімнің белгісі. Көрермен алдына шыққанда қиналғаныңды көрсетпеу керек. Мұны бапкерім кішкентай кезімнен айтып келе жатыр. Жалпы кілемге шыққан сәтімнің бәрі мен үшін мейрам сияқты. Кішкентай кезімнен ортаға шығып билеуді ұнатамын. Ал әдемі қозғалыстар мен өзін-өзі ұстау — бапкерім үйреткен кәсіби дағды.

- Әлем чемпионатынан кейін көшеде танып, суретке түсейік дейтін жанкүйерлер көбейген шығар?

- Үйге келгесін бір күн демалдым. Ертеңіне қайтадан залға барып, жаттығуды қайта жалғастырып кеттім (күлді) Әлі ешқайда шыққан жоқпын. Бір жерлерге барып жатсам, мүмкін танып қалар.

- Әлем чемпионатына келсек. Іріктеуде үш жаттығудың үшеуінен де 1-орын алдыңыз. Финалда ол есепке алынбайды. Спортшы бәрін қайтадан бастайды. Нағыз шешуші кезеңде қобалжу мен уайым болды ма?

- Иә, қобалжыдым. Дүниежүзінің 60-тан астам елінен келген мықты қыздар жиналған жарыс қой. Бірақ мен ішімнен сабыр сақтауға тырыстым. Іріктеуде қалай өнер көрсетсем, финалда да дәл солай сенімді, нақты орындау басты мақсатым болды. Жаттығудағы еңбекті көрсету үшін бар күшімді салдым.

- Көркем гимнастикада қыздар төрт құрал бойынша жарысады. Болгарияда тек үш жаттығуға қатыстыңыз?

Ұршықпен істейтін жаттығуыңыз да әдемі ғой? - Мен үш жаттығуды командалық есепке ену үшін орындадым. Команда үшін ұпай жинау керек болды.Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Ал қай жаттығуға кім қатысатынын бапкерлер мен федерация бірлесіп шешеді ғой.

- Жарыс кезінде күтпеген жерден басқа бір элемент істеп кеткен кездеріңіз бола ма?

- Иә, ондай сәттер болады. Құрал күтпеген бағытқа ұшып кетсе, тез шешім қабылдап, жағдайға бейімделе білу керек. Бапкерім үнемі осыған үйретеді. Сол үшін біз әрдайым түрлі жағдайларға дайын болуға тырысамыз.

- Дайындық кезінде өзіңіз жаңа элементтер, қимылдар ойлап тауып жатсаңыз, бапкеріңізге көрсетіп, жаттығуға қосасыз ба?

- Жоқ, біз ондай әдіспен жұмыс істемейміз. Мен әлі жаспын ғой. Менің ойымша жаңа элементтерді ересек, спортта көптен бері жүрген тәжірибелі спортшылар немесе бапкерлер ойлап тауып жатса жарасады. Ал мен - бапкерім көрсеткен элементтерді үйреніп, соны барынша дұрыс әрі таза орындауға тырысамын.

- Сіз үшін қай гимнастикалық құрал қиындау? Қайсысымен көбірек жұмыс істейсіз?

- Әр құралдың өз қиындығы бар. Бірақ біреуі маған сәл қиындау сезіледі, оның қай құрал екенін айтпай ақ қояйын, сондықтан онымен көбірек жұмыс істеймін. Неғұрлым көп жаттықсаң, соғұрлым өзіңді сенімді сезінесің.

- Биылғы барлық жаттығуларыңыз өте әдемі. Осылардың ішінен жанкүйерлерге әсіресе таспа жаттығуындағы «Чаплин» керемет ұнаған секілді. Өзіңізге музыка да ұнайтыны көрініп тұр. Барлық музыкалық акценттері тамаша. Осы жаттығудың идеясы кімдікі? Оны қою процесі қалай жүрді?

- Иә, “Чаплин” жаттығуын жанкүйерлердің жақсы көргеніне өте қуаныштымын, өйткені менің өзім де бұл таспаны ерекше жақсы көремін. Музыкасы көңілді, көрсететін образы бар, сондықтан оны орындағанда шын мәнінде ләззат аламын. Идеяны бапкерім ұсынды, бірақ оны бірге жасап шықтық. Әр қимылды, әр акцентті дәл түсіруге тырыстық. Бұл жаттығу маған өте ыстық.

- Биыл Сасаки фирмасының амбассадоры болдыңыз. (Sasaki – гимнастикалық құралдар шығаратын әлемге әйгілі жапон фирмасы – автордан) Жалпы бұл процесс қалай жүреді? Қалай хабарласты. Сіздің реакцияңыз қандай болды? Таң қалдыңыз ба, қуандыңыз ба?

- Иә, бұл мен үшін нағыз тосын сый болды. Ең алдымен, Sasaki компаниясының өкілдері менің жаттықтырушым Меруерт Төлегенқызымен байланысқа шықты. Содан кейін бапкерім бұл туралы федерацияға хабар берді. Барлығы ресми түрде келісіліп, маған ұсыныс түсті. Шынымды айтсам, алғаш естігенде қатты қуандым, сену қиын болды. Себебі Sasaki — бұл тек әлемге әйгілі бренд қана емес, сонымен қатар мен бала күнімнен армандап келген компания. Олар мықты, шебер гимнаст қыздарға ғана осындай ұсыныс жасайды. Олардың амбассадоры болу – мен үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Ресми амбассадор болғаннан кейін ары қарай да талмай еңбек етуге мотивация болды.

- Инстаграм әлеуметтік желісінде жазылушыларыңыз көбейіпті.

- Иә, жазылушылар көбейді. Әлеуметтік желі – мен үшін жанкүйерлермен байланыс құралы. Бірақ көп уақыт жұмсамауға тырысамын. Ара-тұра ғана, демалыс кезінде ғана кіремін. Қазір менің уақытымның көбі гимнастика залындағы жаттығуға, мектептегі сабағыма кетеді. Осылай болуы да керек.

- Бапкеріңіз екеуіңіздің араңызда сондай бір жып‑жылы қарым‑қатынас бар. Әлеуметтік желіде екінші анам деп те айттыңыз. Әлем біріншілігіндегі соңғы жаттығуды орындап болғаннан кейін бапкеріңіз не айтты?

- Иә, Меруерт Төлегенқызы мен үшін бапкер емес, екінші анамдай. Ең алғаш гимнастика залына келгенде қарсылап алған. Оның әр сөзі маған өте маңызды. Таспа жаттығуынан кейін: «Жақсы жұмыс істедің, энергияң көрініп тұрды», - деді. Бапкерден жақсы сөз есту әр спортшы үшін маңызды ғой. Бірден қобалжығаным басылып, жақсы баға алатыныма сендім.

- Ақмарал, сіз сияқты чемпион болу үшін не істеу керек? Осы жазбаны оқитын жас спортшылар мен олардың ата-аналарына қандай кеңес берер едіңіз?

- Көп жаттығу қажет. Қиын сәттер болғанда да тоқтамау керек. Өз ісіңді жақсы көрсең, бапкердің айтқанын бұлжытпай істесең, міндетті түрде жеңіске жетесің.

Әңгімелескен Лилиана Әлжанова.