"Астана" баскетбол клубы сапындағы дебютанттар туралы

Баскетбол

Қазақстандық жас баскетболшылар Азия-Батыс Суперлигасында «Астана» намысын қорғады, бапкерлер құрамы тәжірибелі ойыншылардың физикалық формасын тексеріп қоймай, келесі маусым алдында жас ойыншыларды да сынап көрді. Турнирге америкалық жаңа ойыншы да қатысты, оның дебюті жайлы толығырақ материалда.


«Астана» қатысқан сегіз клуб финалы Катарда өтті. Қазақстандық командадан өзге, Ливан, Бахрейн, Кувейт, Үндістан мен Иран елдері ұжымдары турнирге қатысуға шақырту алған.  


Қазақстандық ұжымды турнир фавориттерінің бірі деуге болады, себебі бұған дейін олар жарыстың қола жүлдегері атанған. Астаналық команданың жаңартылған құрамында америкалық шабуылшы Шакур Джустон дебют жасап қоймай, қос жас ойыншы – 20 жастағы Әсет Амангелдинов пен 21 жастағы Александр Оразбековке өздерін көрсетуге мүмкіндік берілді.


«Алғашқы жаттығу жақсы өтті, залды көрдік. Қарсыластарымызды зерттеп, олардың мықты және әлсіз тұстарын анықтаудамыз, алдағы ойындарға дайындық жалғасып жатыр», - деді клубтың баспасөз қызметіне берген сұхбатында Амангелдинов. – Катардың заманауи архитектурасы қатты ұнады. Доха қонақжайлықпен қарсы алды, қаланың орталығын көріп және жергілікті сауда орталығына барып үлгердік. WASL турнирінде команда құрамында болу – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік».


Дебютанттар алғашқы ойын минуттарын Катардағы бірінші матчта-ақ алды. Фотиос Такианос командасының топтық кезеңдегі алғашқы қарсыласы Бейруттың «Әл-Рияди» ұжымы болды. Ойын қарсылас пайдасына шешілді (69:101), ал дебютанттар триосы арасынан Джустон үздік шықты.


Америкалық шабуылшы паркетте шамамен 22 минут өткізіп, 8 ұпай еншіледі. Форвард 4 екіұпайлық соққыны жүзеге асырды. Ал үшұпайлық соққы жасайтын жалғыз мүмкіндігін мүлт жіберіп алды. Алаңда 2 минуттан сәл көп уақыт өткізген Амангелдинов қарсылас сақинасына соққы жасап үлгерді. Бірақ, нәтижесіз. Оразбеков 5 минут ойын уақытын алып, тек үшұпайлық соққылар жасады. Соққылары нәтижесіз қалғанымен, бір нәтижелі пас бере алды.


Келесі «Әл-Манама» (Бахрейн» клубымен болған ойында қазақстандық жас ойыншылар алаңға шыққан жоқ, ал Маркелл Джонсон кездесудің нағыз жұлдызы атанды. Америкалық баскетболшы тек 42 ұпай олажалап қоймай, статистикасын 7 рет допты алумен және 11 нәтижелі паспен толықтырды. «Астана» овертаймда жеңіске жетті (122:117).


Ливандық «Сагесси» командасымен ойында Оразбеков пен Амангелдиновке ойын уақыты берілді, ал Джустон 25 ұпай еншіледі және 16 рет допты алды. Осының арқасында ол матчта «Астана» сапындағы ең нәтижелі баскетболшы атанды.


Жас қазақстандық ойыншыларға келер болсақ, Әсет паркетте өткізген 2 минут ішінде бір соққы жасап, қарсыласын ереже бұзуға итермеледі. Александр соққы жасаған жоқ, дегенмен 2 нәтижелі пас берді және бір рет ереже бұзды.


Жас ойыншылар дуэті келесі баскетбол маусымында командаға пайдасын тигізе алады деп сенеміз. Бәлкім, олар «Астана» құрамына жас кезінде қосылып, астаналық ұжым мен Қазақстан құрамасы көшбасшы ойыншыларының біріне айналған Рустам Мурзагалиевтің ізін жалғар...