"Артқа шегінер жол жоқ": Ғұсман Қырғызбаев жаңа салмақтағы қиындыққа мойымайтынын айтты
Бүгін Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында дзюдодан кезекті Grand Slam турнирі басталды. Өкінішке қарай, 66 келіде бақ сынаған Ғұмар мен Ғұсман Қырғызбаевтар жарысты жүлдесіз аяқтады. Ал осыдан бір апта бұрын Астанада өткен тарихи турнирде Ғұсман финалға дейін сүрінбей, тіпті, азулы қарсыласы Яго Абуладзені де ұтқан болатын. Bassport.kz елордадағы Grand Slam турнирінен соң Ғұсманмен өткен шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынады.
Ғұсман Қырғызбаевтың салмақ ауыстырғанына бір жылдан аса уақыт өтті. Осы кезеңде ол 66 келі салмақта Азия чемпионатының қола медалін иеленіп, Астанадағы Grand Slam турнирінде күміске қол жеткізді. Бір айта кетерлігі, Ғұсман Астанадағы турнирде өзінің әккі қарсыласы, 2021 жылғы әлем чемпионатының финалында есе жіберген ресейлік Яго Абуладзеден басым түсті.
«Астанадағы турнирге қандай елдер қатысатынын бақылап отырдық. Ресейлік спортшылар қатысушылар тізімінде болған жоқ. Тек соңғы күні ғана олардың бақ сынайтыны анықталды. Сол кезде Ягомен кездесемін-ау деген сезім болғаны рас. Бірақ бірінші айналымда емес, ширек финалда жолығып қалармын деп ойладым. Абуладзамен жалпы есебі төрт кездестім. Есеп – 2:2. Елімізде ұятқа қалмай, есе қайтарғаныма қуаныштымын. Осы орайда, жанкүйерлердің ерекше рухтандырғанын айтқым келеді. Жеңілуге жол жоқ еді», - дейді Ғұсман.
Сондай-ақ дзюдошы жаңа салмаққа ауысқалы бері қиналғанын да жасырған жоқ.
«66 келіге ауысқаныма бір жылдан асты. Оңай емес, шыны керек. Қарсыластар туралы көп білмеймін. Физикалық жағынан да сәл ақсап тұрған жайым бар. Негізі, осы салмаққа ауысарда айтарлықтай қиын болады деп ойламаппын. 60 келідегі секілді тез төселіп кетемін деп сендім. Екеуі мүлде екі бөлек екен. Екі салмақтағы күрес бір-біріне әсте ұқсамайды. Қазір салмағымды өсіріп, моральдық жағынан да дайындалып жатырмын. Алға мақсат қойған соң, қанша жеңілсем де, қайтадан тұруып, еңбектенудемін. Осы салмаққа өткелі бері күреске қол сілтейтін кездер болмапты. Олимпиадаға бір жыл қалды, артқа шегінер жол жоқ. Ал 60 келіде күрескенімде, бір-екі рет дзюдомен қоштасқым келген сәттер болғанын жасырмаймын. Бірақ мен 66 келіге өз еркіммен келдім. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Салмақ қуу қиын болып кетті, шыны керек», - деді Қырғызбаев.
Астанадағы Grand Slam турнирінен кейін Ғұсман Қырғызбаев олимпиадалық рейтингте 20-орынға көтерілді. Десе де, ол 66 келі салмақтағы өзіне ыңғайлы қарсылас жоқ екенін айтады.
«Бұл салмақта қанша уақыт күресіп келемін, әлі ыңғайлы қарсылас көрмедім. Мен үшін бәрі де ыңғайсыз. 60 келіде мен қарсыластарыма қалаған әдісімді жасайтынмын. Ал 66 келі жылдамдық пен көп күшті талап ететін салмақ. Қалаған әдісіңді жасау оңай емес. Көп күш керек екен», - деді Ғұсман.