«Астана» жеке инвестордың қолына өте ме - министр жауап берді

«Астана» жеке инвестордың қолына өте ме - министр жауап берді
Футбол

«Астана» ФК

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордалық «Астана» футбол клубының қашан жекеменшікке өтетіні жөнінде айтып берді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап. 

- Қазірге дейін еліміздің 13 футбол клубы жеке инвесторлар қолына өтті. Енді алты клуб қалып тұр. Жыл соңына дейін бұл жұмыс аяқталады. Алдағы аптада «Астана» футболын жекешелендіру жөнінде толық шешімге келеміз, - деді министр журналистер алдында. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткен жылдан бастап елімізде спорт клубтары жеке инвесторлардың қолына өтіп жатыр. Он жылдан астам уақыттан бері алматылық «Қайрат» осындай жүйе бойынша жұмыс жүргізіп келеді. 

Тапсырмаға сәйкес алғашқы кезекте «Жеңіс» (Астана), «Қайсар» (Қызылорда), «Қызылжар» (Петропавл), «Шахтер» (Қарағанды) клубтары сол тізімге енгізілді. Кейіннен олардың қатарына өзге де клубтар қосылды. Ал «Астанаға» қатысты жеке инвестор жөнінде бірнеше жорамал айтылған еді. Дегенмен еліміздің жеті дүркін чемпионы атанған команда әзірге инвестор қолына өте қойған жоқ.