Қазақстан Еуро-2028 іріктеу кезеңінің жеребесінде қай себетке түсті
ҚФФ
Қазақстан ұлттық құрамасы 2028 жылғы футболдан Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіне арналған жеребе тарту рәсімінде төртінші себетке түсті, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
6 желтоқсанда Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында Еуро-2028 іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Онда Қазақстанды қоса алғанда, Еуропаның 54 ұлттық құрамасы өз қарсыластарын анықтайды.
Іріктеу кезеңі 2027 жылдың наурыз айында басталып, қараша айында аяқталады. Командалар төрт немесе бес құрамадан тұратын 12 топқа бөлінеді. Әр құрама өз тобындағы қарсыластарымен өз алаңында және сырт алаңда кездеседі. Іріктеу қорытындысы бойынша 12 топтың жеңімпазы мен екінші орын алған үздік сегіз құрама Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алады. Ал қалған төрт жолдама 2028 жылдың наурызында өтетін плей-офф кезеңінде сарапқа салынады.
Қазақстан төртінші себетте
Жеребе тарту рәсіміне қатысатын құрамалар бес себетке бөлінді.
1-себет: Испания, Англия, Италия, Германия, Португалия, Франция, Бельгия, Нидерланд, Дания, Грекия, Норвегия, Хорватия.
2-себет: Уэльс, Сербия, Түркия, Швейцария, Швеция, Аустрия, Мажарстан, Босния және Герцеговина, Солтүстік Ирландия, Чехия, Словения, Ирландия.
3-себет: Украина, Шотландия, Польша, Израиль, Грузия, Румыния, Солтүстік Македония, Черногория, Словакия, Косово, Албания, Исландия.
4-себет: Кипр, Финляндия, Молдова, Армения, Болгария, Люксембург, Қазақстан, Латвия, Беларусь, Эстония, Фарер аралдары, Сан-Марино.
5-себет: Мальта, Әзербайжан, Литва, Андорра, Гибралтар, Лихтенштейн.
2028 жылғы Еуропа чемпионаты 9 маусым мен 9 шілде аралығында өтеді. Турнирді бес ел – Англия, Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландия және Ирландия Республикасы бірлесіп ұйымдастырады.
Құрлықтық дода тоғыз стадионда өтеді. Чемпионаттың ашылу матчы мен финалдық кездесуі Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасын Еуро-2028 іріктеу кезеңіне жаңа бас бапкер дайындайды.