Қазақстан шайбалы хоккейден Азия чемпионатында топ жарды

Қазақстан шайбалы хоккейден Азия чемпионатында топ жарды
Хоккей

ҰОК

Қазақстан ерлер құрамасы Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен шайбалы хоккейден Азия чемпионатында топ жарды, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.

Отандастарымыз соңғы ойында Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. Негізгі және қосымша уақытта командалар бір-бірінің қақпасына шайба соға алмады. Сондықтан жеңімпаз буллиттер сериясында анықталды. Нәтижесінде қазақстандық хоккейшілер 4:3 есебімен басым түсті. Ұлттық құрама бұған дейін Жапонияны 3:2, Қытайды 5:0 есебімен жеңген болатын.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы үшінші жыл қатарынан Азия чемпионы атанды. Ұлттық команда бұған дейін 2024 және 2025 жылдары алтын медаль жеңіп алған. Жапония құрамасы күміс медальға ие болды. Ал Оңтүстік Корея үздік үштікті түйіндеді.