Париж-2024. Қазақстандық спортшыларға заманауи жабдықтар берілді

Париж-2024. Қазақстандық спортшыларға заманауи жабдықтар берілді
Басқа

2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындық аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі арнайы бағдарлама дайындады. Сол бағдарламаның негізгі тармақтарының бірі - заманауи жабдықтарды сатып алудың жаңа нормаларын бекіту және оларды сатып алу үшін қаражат бөлу. Осы мақсатта бүгін ҚР МСМ спортшыларға жаңа жабдықтарды табыстады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Елде 2017 жылы бекітілген нормалар жыл сайын спортшыларға қажетті, жаңарып отыратын жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік бермейтін. Ал биылдан бастап осыған өзгеріс енгізіліп, 28 жазғы және қысқы олимпиадалық және 3 парлимпиадалық спорт түрлеріне жабдықтар берілді. 

"2023 жыл - Олимпиадаға дейінгі, ұлттық құрама командаларды даярлау тұрғысынан ең маңызды жыл. Ірі жарыстарда жеңіске жету үшін, ең алдымен, ерік-жігер, табандылық, спорттық рух пен тәртіп қажет екені анық, бірақ инфрақұрылымның атқаратын рөлін естен шығармаған жөн. Сондықтан тиісті жағдайларды жасау үшін біз жабдықтарды жаңарту және сатып алу жұмыстарын жүргіздік. Енді соңғы нәтиже толығымен спортшыға байланысты", - деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.  

Спортшыларға трек және жол жарыстарына арналған құралдар (велоспорт), қайықтар, ескектер және жүрек соғу жиілігінің мониторларын (байдарка мен каноэде есу), ашық суда жүзуге арналған тренажер-4D, синхронды жүзуге арналған портативті жүйе сатып алынды. Одан бөлек, семсерлесуге, теннис пен үстел теннисіне, дзюдо, күрес түрлері сынды спорт түрлерінің жабдықтар алу қарастырылған. 

Сондай-ақ, қысқы спорт түрлері де назардан тыс қалмай, олардың дайындығына қажетті велосипедтер, коньки, шаңғы, таяқ, етік сынды керек жабдықтар берілді. 

Маңызды халықаралық додаларға дайындықтарын шыңдай түсетін құрал-жабдықтарды алған спортшылар өз алғыстарын білдірді. 

"Бүгінде кәсіби спортшылар технологиямен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл жерде жаттығу процесі, жарыстар мен демалыс туралы айтуға болады. Дегенмен, прогресс соншалықты тез болғандықтан, жыл сайын әртүрлі жабдықтар мен жаттығу құралдарының жетілдірілген модельдері пайда болып жатыр. Сондықтан қазақстандық спортшыларға мұның бәрі қолжетімді екені қуантады. Бұл мемлекеттің спортты дамытуға жоғары көңіл бөлетінінің көрсеткіші", - деді қазақстандық шорт-трекші, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Денис Никиша. 

Еске салайық, 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.