Усик пен Фьюри абсолютті әлем чемпионы атағын сарапқа салады
Аса ауыр салмақтағы WBA, IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы украиналық Александр Усик пен WBC чемпионы ұлыбританиялық Тайсон Фьюри абсолютті әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасуға келісім берді. Бұл туралы ұлыбританиялық былғары қолғап шеберінің промоутері Боб Арум мәлімдеді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі “Sky Sports” басылымына сілтеме жасап.
“Боксшылар бір-бірімен жұдырықтасуға дайын, екеуі де келісім берді. Жекпе-жектің өтетін жеріне қатысты бірнеше ұсыныс бар, сондай-ақ оны “Уэмблиде” ұйымдастыруға да мүмкіндік туып тұр. Бұл сұрақ келесі аптада шешіледі. Ол қалай ұйымдастырылса да, әлем назарын аударатын жекпе-жек болары сөзсіз”, - деді Боб Арум британиялық басылымға берген сұхбатында.
Жекпе-жек шамамен 2023 жылдың 4 наурызында өтеді деп жоспарланып отыр, бірақ бұл әлі нақты емес.