Қазақстандық төрешілер Конференция лигасының ойынына қазылық етеді
"Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі
Қазақстандық төрешілер бригадасы УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі «Гент» пен «Орхус» арасындағы матчқа қазылық етеді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық төрешілер Конференциялар лигасының матчына қазылық етеді
Фото: "Ақтөбе" ФК баспасөз қызметі
Кездесу 15 қазанда Бельгияда өтеді. Ойын Астана уақытымен сағат 21:45-те басталады.
Матчтың бас төрешісі міндетін Болат Сәриев атқарады. Оған қаптал сызықтарында Сергей Васютин мен Денис Лабашов көмектеседі. Төртінші төреші болып Саят Қарабаев тағайындалды.
Бейнеқайталау жүйесіне (VAR) испаниялық Хуан Мартинес жауап береді. Ал оның көмекшісі қазақстандық Айдын Тасыбаев болады.
Айта кетейік, Болат Сәриев пен оның көмекшілері Сергей Васютин және Денис Лабашов биылғы маусымда еурокубок ойындарында төрелік етіп үлгерді.
Атап айтқанда, олар Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі швейцариялық «Тун» мен хорватиялық «Динамо Загреб» (1:1) арасындағы кездесуде, сондай-ақ Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі Солтүстік Македонияның «Шкендия» және Шотландияның «Хиберниан» командалары арасындағы матчта жұмыс істеді.
Аталған екі кездесудің әрқайсысында Болат Сәриев бес ойыншыға сары қағаз көрсеткен.