Бокстан Азия чемпионатына қатысатын толық құрам қашан анықталады

Бокстан Азия чемпионатына қатысатын толық құрам қашан анықталады
Бокс

30 қазан мен 13 қараша аралығында Иордания астанасы Амманда бокстан Азия чемпионаты өтеді. Биылғы маусымның соңғы турниріне Қазақстан құрамасы да қатысады, деп хабарлайды Bassport.kz. 


Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов толық құрамды әлі жариялаған жоқ. Бізге берген сұхбатында соңғы әрі нақты шешім қашан қабылдатынын айтты. 


"Қазір Жаңа Алексеевка ауылында соңғы жаттығу жиынымызды өткізіп жатырмыз. Бірнеше салмақта Азия чемпионатына кімдердің қатысатынын енді анықтаймыз. 26 қазан күні спаррингтік кездесулер өтеді, содан соң Амманға баратын құрам толық жасақталады", - деді Сәтжанов. 


Айта кетелік, Азия чемпионатына төмендегі спортшылардың нақты қатысатыны анық: 


Сәкен Бибосынов (51 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Сағындық Тоғамбай (86 келі) және Айбек Оралбай (92 келі). 


Қалған салмақта Азия біріншілігіне баратын боксшылар есімі 26 қазанда анықталады.