Жәнібек Әлімханұлы бокстан бір жылға шеттетілді
Жәнібек Әлімханұлы. Сурет: Instagram / @janibek_alimkhanuly
Қазақстандық кәсіпқой былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы бір жылға бокстан шеттетілді, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мелдонийге тапсырған допинг-сынамасының оң нәтиже көрсетуіне байланысты бір жыл мерзімге жарыстардан шеттетілді. Сонымен қатар чемпиондық атақтары спортшының өзінде қалдырылды. Дивизиондағы белсенділікті сақтау мақсатында WBO уақытша чемпиондық атақ үшін айқас өткізуге рұқсат берді.
Шеттету мерзімі аяқталғаннан кейін Әлімханұлы уақытша чемпион атанған боксшымен міндетті жекпе-жек өткізуі тиіс. WBO президенті Густаво Оливьеридің мәлімдеуінше, Чемпиондық жекпе-жектер жөніндегі комитет шешімді бірауыздан қабылдаған. Жаза мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап есептеледі.