Қытайдағы әлем кубогында сегіз қазақстандық боксшы жартылай финалға шықты
Фото: Olympic.kz
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының кезеңінде ширек финалдық жекпе-жектер аяқталып, жартылай финалға шыққан спортшылар анықталды, деп хабарлайды Bassport.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың бесінші күніндегі кездесулер қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының сегіз өкілі кем дегенде қола жүлдені қамтамасыз етті. Кешкі сессияда шаршы алаңға шыққан үш қазақстандық боксшының екеуі жеңіске жетті.
65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Аида Әбікеева АҚШ спортшысы Мария Росендоны ұтып, жартылай финалға жолдама алды. Ал аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай Ұлыбритания өкілі Мэттью Уильямстан басым түсті. Өз кезегінде 51 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Алуа Балқыбекова Үндістан боксшысы Минакшиге жол беріп, жарысты аяқтады.
Бұған дейін күндізгі сессияда Санжар Ташкенбай (50 келіге дейін), Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) және Виктория Графеева (60 келіге дейін) жартылай финалға шыққан болатын. Сондай-ақ Назым Қызайбай (54 келіге дейін) мен Дина Исламбекова (80 келіден жоғары) да бұған дейін жартылай финалдағы орындарын қамтамасыз еткен еді. Ал Валерия Аксенова (80 келіге дейін) турнирдегі жарысын бірден жартылай финалдан бастайды.
Осылайша, Қазақстан құрамасының сегіз боксшысы Әлем кубогының кем дегенде қола жүлдесіне ие болады.
Айта кетейік, жартылай финалдық жекпе-жектер 20 маусым күні өтеді.