«Бай клубтарға ғана тиімді». «Салават Юлаев» басшысы КХЛ шешімін сынға алды
Фото: «Салават Юлаев» ХК
«Салават Юлаев» басшысы жаңа ережені сынға алды «Салават Юлаев» клубының бас директоры Ринат Баширов Құрлықтық хоккей лигасының коммерциялық келісімшарттарға қатысты жаңа ережесіне наразылық білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Sport24 сайтына сілтеме жасап.
КХЛ-дің жаңа тәртібіне сәйкес, келесі маусымнан бастап хоккейшілердің коммерциялық келісімшарттары клубтың жалақы қоры есебіне енгізілмейді. Алайда мұндай келісімдерге бір команда үшін 50 миллион рубль көлемінде шектеу қойылған. Башировтың пікірінше, бұл өзгеріс лигадағы қаржылық теңгерімді бұзып, ауқатты клубтарға қосымша артықшылық береді.
«Мен басынан-ақ мұның жарнамалық бюджетке еш қатысы жоқ екенін түсіндім. Бізде, мысалы, Радуловтан басқа ауыл шаруашылығын жарнамалай алатын бірде-бір хоккейші жоқ. Әрине, бұл әзіл. Біз маркетингті жақсы түсінеміз және хоккейшілердің ешқайсысы жарнамалық тұлға емес екенін білеміз. Мен салық саласы бойынша маманмын, өзара байланысты тараптар арасындағы мұндай келісімдердің қалай жұмыс істейтінін жақсы түсінемін. Маған сеніңіздер, жарнама берушілердің басым бөлігі клуб басшылығымен байланысты заңды тұлғалар болады. Бұл жарнама емес, бай клубтарға жасалған тағы бір жеңілдік», – деді Баширов.
Сондай-ақ ол мұндай шешімдердің қандай негізде қабылданып жатқанын түсінбейтінін жеткізді.
«Бұл шешімдерді кім қабылдайды? Директорлар кеңесі ме? Қазір кейбір клубтар мен өңірлердің қаржылық жағдайын елемеу мүмкін емес. Біз жақында екі түрлі лиганы көретін шығармыз: алты бай клуб және қалғандары. Жиындарда әріптестеріммен сөйлестім. Барлығы бұл өзгерістердің ең алдымен қаржылық мүмкіндігі жоғары клубтарға тиімді екенін түсінеді», – деп қосты «Салават Юлаевтың» басшысы.
Айта кетейік, жаңа ереже КХЛ клубтарына хоккейшілермен коммерциялық келісімшарттар жасау арқылы жалақы қоры шектеулерін айналып өтуге мүмкіндік береді деген пікірлер жиі айтылуда.