Асылжан Арыстанбекова Астана турнирінде топ жарды

Асылжан Арыстанбекова Астана турнирінде топ жарды
Теннис

ҚТФ

Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингіде 946-орындағы Асылжан Арыстанбекова жекелей сында Астана World Tennis Tour W15 Asu Open турнирінде жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Асылжан финалда әлемнің 673-інші, осы жарыстың 6-ракеткасы, оңтүстіккореялық Джан Су Джонмен чемпиондық атақты сарапқа салды. 

Арыстанбекова 20-да болса, Джан Су Джон 2022 жылы әлемдік рейтингіде 114-орынға дейін көтерілген, Аустралия ашық чемпионатында ойнаған 31 жастағы тәжірибелі теннисші еді. Бірінші партияда оңтүстіккореялық теннисші 2:0, 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен бұдан кейін Асылжан қатарынан бес гейм алды – 6:3. 

Екінші сетте қазақстандық теннисші сол қарқынын жалғастырды – 4:0. Қарсыласы бір брейк жасағанымен, Асылжан матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:1. 

Осылайша, Асылжан Арыстанбекова спорттық жолындағы маңызды титулына қол жеткізді.  Енді қазақстандық теннисшілер жұптық сында да финалда өнер көрсетеді.