УЕФА Чемпиондар лигасында қазақстандық клубтар шешуші матчтарға шығады

УЕФА Чемпиондар лигасында қазақстандық клубтар шешуші матчтарға шығады
Футзал

Әлеуметтік желі

Бүгін футзал жанкүйерлерін тартысты ойындар күтіп тұр. УЕФА Футзал Чемпиондар лигасы ширек финалында қазақстандық екі клуб – «Семей» футзал клубы және Алматының АФК «Қайрат» командалары жауапты матчтарын өткізеді.  

Бүгін сағат 20:00-де Семей қаласының тарихында бұрын-соңды болмаған маңызды матч өтеді. УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалында «Семей» футзал клубы өз алаңында Францияның «Этуаль Лаваллуаз» командасын қабылдайды.

Алғашқы кездесу Францияда өтіп, тартысты ойын 5:4 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталған еді. Енді жауапты матчта «Семей» өз жанкүйерлерінің қолдауымен тарихи жеңіске жетуді көздеп отыр. Кездесу Семейдегі Абай Аренада өтеді. Аренаға шамамен 5000 жанкүйер жиналады деп күтілуде. Бұл матч тек Семей қаласы үшін ғана емес, жалпы УЕФА Чемпиондар лигасының тарихындағы ерекше әрі есте қаларлық ойындардың бірі болмақ. Жергілікті жанкүйерлер командасына үлкен үміт артып отыр.

«Семей» клубы өз алаңында бар күшін салып, жартылай финал жолдамасы үшін соңына дейін күресуге дайын.

Сонымен қатар, УЕФА Чемпиондар лигасының ширек финалында Алматының АФК «Қайрат» клубы Испанияның «Картахена» командасымен жауапты матч өткізеді. Алғашқы кездесу өте тартысты өтіп, 2:1 есебімен испаниялық клубтың пайдасына аяқталған болатын.

Сондықтан бүгінгі ойын «Қайрат» үшін аса маңызды — команда жартылай финалға шығу үшін жеңіске жетуге тырысады.

Дәуренқызы Еркенұр