Әлімханұлының допинг-дауы: екінші сынама қашан ашылады
Жәнібек Әлімханұлы / Сурет: twitter.com / trboxing
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының екінші сынамасы қашан ашылатыны белгілі болды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Жәнібек Әлімханұлының В сынамасы 8 қаңтарда ашылады. Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, халықаралық допингке қарсы рәсімдерге сәйкес В сынамасын ашудың нақты күні мен уақыты ресми түрде бекітілген. Бұл қадам процестің ашықтығын қамтамасыз етуге және спортшының заңды құқықтарын толық сақтауға бағытталған.
Халықаралық тәжірибеге сай, В сынамасы тек А сынамасының нәтижелерін растау немесе жоққа шығару қажет болған жағдайда ғана талданады. Талдау тәуелсіз, аккредиттелген зертханада жүргізіліп, барлық бекітілген хаттамалар қатаң сақталады. Сонымен қатар спортшының өкілдері мен мүдделі тараптардың қатысуына мүмкіндік беріледі.
Еске салсақ, Жәнібек Әлімханұлы 15 қарашада тапсырған допинг-сынамадан мельдоний табылған еді. Осыған байланысты Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек өтпей қалды.