Өмірден өткен 19 жастағы футболшы емханаға қандай күйде жеткізілгені белгілі

Өмірден өткен 19 жастағы футболшы емханаға қандай күйде жеткізілгені белгілі
Футбол

Ашық дереккөзінен

Кеше, 16 қазан күні, Қазақстан чемпионатының Бірінші лигасы аясында өткен «Хан-Тәңірі» мен «Екібастұз» командалары арасындағы матчта қайғылы оқиға болды. Кездесу барысында «Хан-Тәңірі» клубының 19 жастағы шабуылшысы Диас Төлеу өзін нашар сезініп, алаңнан зембілмен шығарылды, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, футболшы клиникалық өлім жағдайында ауруханаға жеткізілген. 

«2006 жылы туған пациент Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Оны матч кезінде кезекшілікте болған жеке медициналық жедел жәрдем көлігі алып келген. Қабылдау кезінде жүрек соғысы мен қан қысымы болмаған, қарашықтары кеңейген. Медициналық бригада 30 минут бойы реанимациялық шаралар жүргізгенімен, өмір белгілерін қалпына келтіру мүмкін болмады. Биологиялық өлім тіркелді», – деп хабарлады ведомство. 

Қазіргі таңда футболшының денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. 

«Жастығына қарамастан, футболға деген ынтасы мен таланты арқылы көзге түскен Диастың өмірден ерте кетуі – орны толмас қаза. Бұл ауыр сәтте оның отбасының, жақындарының және командасының қайғысына ортақтасамыз», – делінген KFF League баспасөз қызметінің хабарламасында.