Каратэден әлем чемпионатына іріктеу басталды: Төрт отандасымыз бақ сынайды

DRS
Төрт қазақстандық спортшы каратэден әлем чемпионатына жолдама беретін іріктеу турниріне қатысады.
17–19 қазан күндері Франция астанасы Парижде WKF каратэден әлем чемпионатына арналған іріктеу кезеңі өтеді. Бұл жолы турнир жаңа форматта ұйымдастырылып отыр. Енді әр салмақтағы қатысушылар саны 32 спортшыдан аспауы тиіс. Бұрын мұндай шектеу болмаған, сондықтан іріктеу кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр.
Қазір ката және кумите бағдарламалары бойынша 24 спортшының есімі белгілі, ал қалған жолдамалар дәл осы Парижде сарапқа салынады.
Қазақстаннан төрт спортшы додаға қатысады:
– Айгерім Тұрсынбекова (-50 кг),
– Гүлмира Үсенова (-55 кг),
– Никита Тарнакин (-84 кг),
– Владлена Сигалова (ката).
Олар Каирде өтетін әлем чемпионатына қатысу үшін бақ сынайды. Іріктеу турниріне 105 елден 500-ге жуық спортшы тіркелген.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының жеті спортшысы бұған дейін-ақ әлем чемпионатына жолдама алып қойған. Олардың қатарында 2023 жылғы жүлдегерлер Қайсар Алпысбай мен Дидар Әмірәлі бар.
Басты жарыс биыл 26–30 қараша күндері Мысырдың Каир қаласында өтеді. Онда 12 медаль жиынтығы (10 – кумите, 2 – ката) сарапқа салынады.
Еске сала кетсек, 2023 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи нәтижеге қол жеткізіп, 1 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль жеңіп алған болатын.