Айбек Оралбайдың сенсациялық жеңісі жанкүйерлердің наразылығын тудырды

Olympic.kz
Boxingscene.com Ливерпульде өтіп жатқан бокстан 2025 жылғы әлем чемпионатының алғашқы жартылай финалдық күнін қорытындылай келе, Қазақстан капитаны Айбек Оралбайдың сенсациялық жеңісіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Басылым атап өткендей, аса ауыр салмақтағы ең тартысты айқас екі дүркін Олимпиада, бес дүркін әлем чемпионы кубалық Хулио Сесар Ла Крус пен қазақстандық Айбек Оралбай арасында өтті.
Бірінші раундтан кейін Ла Крус ұпай жағынан артта қалып, екінші раундта әдеттегідей тактикасын өзгертіп, қарқынын күшейтті. Қолын төмен түсіріп, қарсыласын бақылауда ұстай отырып, бірнеше дәл соққылар жасағанымен, раунд соңында тағы да ұпайдан ұтылып тұрды. Үшінші кезеңде кубалық боксшы барын салды. Шаршы алаңда көпшілікке белгілі тактикалары — уклондар, қозғалыс пен дәл соққылар көрініс тапты. Нәтижесінде, рефери Оралбайға есеп ашып, Ла Крустың жеңіс мүмкіндігі арта түсті.
Алайда, төрешілер 2:1 есебімен отандасымыз Айбекке басымдық берді. Бұл шешім жанкүйерлердің наразылығын тудырып, арена толығымен ысқырыққа көмілді. Көпшілік Ла Крус пен өзбек боксшысы Жахонгир Зокиров арасындағы күтілген финалдан айырылып қалғандай әсер алды.
Еске сала кетсек, Айбек Оралбай осылайша финалға шығып, әлем чемпионатының «алтыны» үшін жекпе-жекке жолдама алды.