Виктория Графеева Қазақстан қоржынына қола салды

KBF
Ливерпульде өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Виктория Графеева қола медальға қол жеткізді
60 келіде сынға түскен жерлесіміз жартылай финалда бразилиялық Ребека Де Лима Сантоспен жұдырықтасты. Тартысты өткен жекпе-жек төрешілердің басым шешімімен қарсыластың пайдасына шешілді. Нәтижесінде, Графеева чемпионаттағы өнерін үшінші орынмен қорытындылады. Бұрымды боксшымыз бұған дейін де бірнеше рет әлемдік ареналарда төбе көрсетіп, әнұранымызды қалықтатып жүр. Бұл жолы да үздік үштікті толықтырып, жанкүйерлердің ықыласына бөленді.
Айта кетейік, Ливерпульдегі дода World Boxing ұйымының күнтізбесіндегі ең беделді жарыстардың бірі саналады. Қазақстандық боксшылар соңғы жылдары ірі халықаралық сындарда тұрақты түрде жүлделі орындардан көрініп келеді. Аталған нәтиже де Қазақстан әйелдер боксының қарқынды дамып жатқандығының және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенінінің айқын дәлелі.