Ширек финал: сенсация мен сәтсіздіктер

Ширек финал: сенсация мен сәтсіздіктер
Бокс

KBF

Ливерпульде (Англия) өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатында (World Boxing) қазақстандықтар ширек финалда 13 жекпе-жек өткізді. Күннің басты айқастары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы «эль-классикоға» айналған қарсыласулар болды

Әйелдер құрамасы жеңіс сыйлады Күндізгі сессияда Виктория Графеева (60 кг) өзбек боксшысы Ситора Турдибекованы 4:1 есебімен жеңсе, Елдана Талипова (80+) да қарсыласын ұтты. Кешкі кездесулерде Алуа Балқыбекова (51 кг) тайвандық И Сюань Гуоны 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал ең үлкен сенсацияны Аида Әбікеева (65 кг) жасады. Ол Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, үш дүркін әлем чемпионы Бусеназ Сюрменеліні айқын басымдықпен ұтып, тарих жасады. 

Десек те, ерлер құрамасы Өзбекстан боксшыларынан ойсырай ұтылды:

- 80 кг салмақта Нұрбек Оралбай Джавохир Умматалиевке 0:5 есебімен есе жіберді;

- 90 кг-да Сағындық Тоғамбай Турабек Хабибуллаевтан ірі есеппен жеңілді;

- 60 кг-да Бейбарыс Жексен Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоковпен жұдырықтасып, қарсыласынан айқын ұтылды;

- 65 кг-да Ертуған Зейнуллинов тағы бір Олимпиада чемпионы Асадхуджа Муйдинхуджаевқа қарсы тұрып, жанкештілік танытса да, төрешілер шешімімен жеңіліс тапты. Зейнуллиновтың жеңілісі жанкүйерлердің ашуын туғызды, тіпті төрешілердің шешіміне күмән келтіргендер де табылып жатты. Орын алған сәтсіз жекпе-жектен кейін, отандасымыз халыққа арнайы жазба қалдырды:

«Ассалаумағалейкум, қазақ елі! Мен барымды салдым, бәрі Алланың қалауымен болды. Әділ төрелік болды ма, жоқ па — оны сіздер бағалайсыздар. Бұл тек бастамасы, ең үлкен жеңістер алда!»

Осылайша, сегіз спортшы жартылай финалға шығып, жүлдеге бір қадам жақындады:

- Махмұд Сабырхан (55 кг)

- Төрехан Сабырхан (70 кг) - Айбек Оралбай (90+)

- Алуа Балқыбекова (51 кг)

- Виктория Графеева (60 кг)

- Аида Әбікеева (65 кг)

- Наталья Богданова (70 кг)

- Елдана Талипова (80+)

Айта кетелік, әлем чемпионаты 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Финалдық кездесулер 12 қыркүйекте басталады.