Бүгін Қазақстан құрамасы Бельгияға қарсы ойнайды

KFF
ӘЧ-2026 іріктеу кезеңіндегі кезекті матчта Қазақстан құрамасы бүгін сырт алаңда Бельгиямен кездеседі
Матч Брюссельдегі әйгілі «Лотто Парк» стадионында өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен 23:45-те басталады. Қос құрама бұған дейін ресми түрде алты мәрте ойын өткізген. 2019 жылғы кездесулерде Қазақстан – өз алаңында 0:2, ал сырт алаңда 0:3 есебімен екі рет ұтылған. Ал 2011 жылы 1:4, 2010 жылы 0:2 есебімен жеңіліс тапқан. Алайда 2007 жылы 2:2, 2006 жылы 0:0 тең нәтижесі тіркеліп, ұлттық құраманың Бельгиядан ұпай еншілеген кездері де болған.
Ойын алдында Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев қарсылас жайлы пікір білдірді:
– Бельгия таныстыруды қажет етпейтін ұжым. Қазіргі сәтте біз үшін басты мәселе – дұрыс негізгі құрамды таңдау. Ұшу-қону уақыты әсер етеді, сондықтан ойыншылар физикалық тұрғыдан шаршап қалмауы тиіс. Бапкерлік штабтың басты назары осыған бағытталған, – деді ол.
Матч алдында бельгиялық футбол агенті Мохамед Ашахбар да өз пікірін ортаға салды.
– Біз Қазақстан құрамасы туралы көп біле бермейміз. Дегенмен, жанкүйерлер жеңіс күтеді. Лукакудың жоқтығы сезілуі мүмкін, бірақ бұл команданың әлеуетін азайтпайды. Құрамда Опенда, Де Кетеларе, Батшуайи секілді шабуылшылар бар. Сондай-ақ Докудың қарқынын ұмытпауымыз қажет. Сондықтан ойын нәтижелі әрі қызықты болады.
Қазақстан құрамасы үшін бұл кездесу маңызды рөл атқарады. Қарсыластарымыз әлемдік деңгейдегі ойыншыларға сүйенсе, ұлттық құрама өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, қорғаныс пен шабуылды үйлестіруге тырысады.